Алтын күз ертеңгілігі, күз кереметі сабақ жоспары

0
183
Тақырыбы: Алтын күз
Жүргізуші: Құрметті ата – аналар балалар. Сіздерді «Алтын күз» атты ертеңгілігімізді тамашалауға шақырамыз.
Айналаның бәрі алтын,
Ай жапырақ сары алтын.
Қуандырып біздерді,
Мерекелі күз келді
Кел жемісті алтын күз,
Кемелденсін халқымыз.
Музыка әуенімен балалар залға кіреді.
Композиция
Жүргізуші: Балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырғым келіп тұр:
Көк майсалы көрікті, алқаптағы көп егін,
Бұл күндері киіпті, сары жібек көйлегін – бұл жұмбақтың жауабын кім біледі?
– Күз мезгілі, ендеше мерекеге арналған өлең шумақтарын тыңдайық.
Тақпақтар
Ән: «Күзгі жапырақтар»
Жүргізуші:
Балалар қараңдаршы тырналардың дауысы естіліп, самал жел соғып, жапырақтардың сыбдыры естіледі. Бізге қонақ келе жатқан сияқты.
Музыка әуенімен залға Күз ханшайымы кіреді.
Күз: Алтын түске боялды
Тау мен қырқа, дала түз.
Келдім міне ортаңа
Менің атым Алтын күз.
Сәлеметсіздер ме, балалар!
Жүргізуші: Сәлеметсің бе Алтын күз! Қош келдің, төрге шық.
Күз: Балалар менің көңіл күйім болмай тұр.
Жүргізуші: Біздің бүлдіршіндер сіздің көңіліңізді әнмен көтереді.

Ән: «Алтын күз»
Күз: Рахмет балалар, көңілім көтеріліп қалды. Мен сендерге құр қол келмедім, мына сандықшаға салып қойдым. Сандықша сиқырлы сөздермен ашылады. Ал мен 3 қалқан жапыраққа жазып қойсам, мына жел ұшырып алып кетті. Сиқырлы сөздерсіз мына сандықша ашылмайды. Сол қалқан жапырақтарды қайдан тапсам болады?
Жүргізуші: Уайымдамаңыз, біз сізге көмектесеміз. Сиқырлы жапырақтарды іздеуге жолға шығайық. Жолға жақсы көңіл күймен шығу үшін биімізді тамашалайық.

Би: «Күзгі фантазия»
Күз ханшайымы:
Балалар мына жақта саңырауқұлақ көріп тұрмын, осы саңырауқұлақтан сұрап көрерміз. Көрініс: «Саңырауқұлақ саясында»
Бір күні құмырсқа орман арасында келе жатса, алдынан асыға секіріп шегіртке шығады.
Шегіртке: Құмырсқа, бол тездетіп үйіңе қайт.
Құмырсқа: Неге, мен ешқайда асықпаймын.
Шегіртке: Көрмейсің ба, жаңбыр жауғалы тұр.
Шегіртке секіріп – секіріп кетіп қалады.
Құмырсқа өз шаруасын жасай береді. Бір кезде қатты жел тұрып, жаңбыр жауа бастайды.
Құмырсқа: Қайда тығылсам екен?
Жан – жағына қараса, алқапта кішкентай саңырауқұлақ өсіп тұр.
Құмырсқа: Аспанды бұлт қаптады, төкті жерге нөсерін.
Мына саңырауқұлақ пана болса, маған тиер көмегі.
Құмырсқа жорғалап барып саңырауқұлақтың астына жасырынады. Бір кезде қанаттары суланып, әрең ұшып Көбелек келеді.
Көбелек: Күшім кетті әлсіреп, қанатым су боп жабысып, ұша алмадым
Құмырсқа! Алшы мені қасыңа, пана берші басыма.
Құмырсқа: Мен сені қайда кіргіземін?! Өзім де әрең сиып тұрмын.
Көбелек: Түкте етпейді! Көңіл жақын болса жер тарлығы оқа емес!
Құмырсқа көбелекті қасына кіргізеді. Осы кезде саңырауқұлақтың қасына ентіге жүгіріп Тышқан келеді.
Тышқан: Үстімнен су сорғалап! Келемін мен жаурап!
Алыңдаршы қасыңа, берші пана басыма.
Құмырсқа: Сені қайда кіргіземіз?!
Көбелек: Көрмейсің бе, өзімізге де орын жетпей тұр.
Тышқан: Сиысып көрейікші?!
Үшеуі сиысып, саңырауқұлақтың астын паналайды. Ал жаңбыр болса тоқтар емес. Саңырауқұлақтың қасына секіріп Торғай келеді.
Торғай: Шиқ – шиқ. Жаңбыр қандай күшті еді, ұша алмадым мені көр.
Бас сауғалап келіп ем, жандарыңнан орын бер.
Құмырсқа: Орын жоқ қой, сені қайда кіргіземіз?
Торғай: Өтінемін, жылжып көріңдерші!
Құмырсқа: Жарайды кіре ғой!
Құмырсқа, Көбелек, Тышқан жылжып, саңырауқұлақтың астына торғайды да кіргізеді. Осы арада алқапқа ырғып шыққан Қоян саңырауқұлақты көріп айқай салады.
Қоян: Құтқарыңдар! Менің артымнан Түлкі қуып келе жатыр, қай тесікке тығыламын, қай жерге жасырынамын? Көмектесіңдер!
Құмырсқа: Тағы жылжып көрейікші, Қоян сондай аянышы болып тұр!
Қоян да тығылып үлгереді, дәл сол кезде Түлкі жүгіріп келеді.
Түлкі: Қоянды көрмедіңдер ме?
– Жоқ, көрмедік.
Түлкі саңырауқұлаққа жақындап, тұмсығымен түрткілеп искей бастайды.
Түлкі: Осы жерде Қоян тығылып тұрған жоқ па?
Торғай: Ол бұл жерде қалай тығылады, өзіміз зорға сыйдық!
Түлкі құйрығын әрі – бері бұлғаңдатып кетіп қалады. Осы кезде жаңбыр тиылып, күннің көзі ашылады. Саңырауқұлақ астынан Көбелек шығып.
Көбелек: Алақай жаңбыр тиылды, күн ашылды.
Бәрі саңырауқұлақ астынан шығып, қуана би билейді.
Құмырсқа: Бұл қалай болды? Алғашында саңырауқұлақ асты менің өзіме тар еді, ал енді бесеумізге де орын табылды, кішкентай жерге сыйып кеттік!
Бәрі түсінбей бір – біріне қарасады.
Жүргізуші: Себебі, сендер жаңбырдан қашып саңырауқұлақ астына тығылған кезде, саңырауқұлақ жаңбыр суына үлкен болып өскен болатын. Сендер бір – біріңе деген сыйластықтың арқасында, бір саңырауқұлақ астына сыйып кеттіңдер.
Бәрі таңдана саңырауқұлаққа қарайды. Бәрі шеңбермен билеп қол ұстасып шығып кетеді.
Күз: Қандай тамаша көрініс, ата – аналар сіздерге ұнады ма?

Би: «Саңырауқұлақ»
Күз: Балалар менің қайтатын уақытым болды, сендерге көп рахмет. Сендер өнерлі балалар екенсіңдер, сендермен өте көңілді болды. Мені басқада балабақшада күтіп отыр, сау болыңдар!
Хор: «Күз жомарт»

Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
№13 бөбекжай – бақша тәрбиешісі
Примжарова Гульмира Абуовна
Алтын күз жүктеу

Дереккөз: http://bilimdiler.kz/