Ахмет Байтұрсынов «Маса» өлең жинағы туралы туралы қазақша

0

Ахметтің «Маса» деген өлең жинағы үш рет басылған. Біздің қолымызда оның екі рет басылған даналары бар. Біреуі 1911 жылы Орынборда бірінші рет басылғаны. Екіншісі 1922 жылы Қазанда үшінші рет басылуы. Бұл екеуінің ортасында екінші рет басылған «Масаның» қайда басылғандығынан дерек таба алмадық, кітабы қолымызға түспеді. Біздің қолымыздағы екі «Масаның» екеуінде де қай өлең қай жылы жазылғандығы жоқ. Маса өлеңдерін Ахмет «Қырық мысалдан» соң жазған. «Қырық мысал» 1904 жылға шейін жазылған өлең болса, «Маса» одан кейін жазылса, «Масадағы» өлеңдерді шамасы 1905 жылдың бер жағындағы өлеңдер десек қателескен болмаймыз. Бұған өлеңдердің көпшілігі өзі куə боп тұр. Мəселен, «Тілек батам», «Жауға түскен жанның сөзі» деген өлеңдер, сөз жоқ, Ахметтің 1909 жылы Семейде абақтыға түскенінде жазылған өлең. «Масаның» үшінші басылғанында, бірінші басылуына кірмеген өлеңдер мыналар: «Көк есектерге», «Қ. қаласына», «Жұртыма», «Жұбату», «Н.Қ.ханымға», «Ақын ініме», «Ж.Б. жездем хатынан», «Жауап хаттан», «Ғылым». «Масаның» бірінші басылуы 1911 жылы болса, жаңағы бірінші басылуға кірмеген өлеңдер 1911 жылдың бер жағында болуға керек. 1911 жылға шейін Ахмет жазып, Цензура (əдебиетті саяси бақылаушы) жібермеді дер ек, үшінші басылуының, цензура жібермеген өлеңдердің көрсетуінде бұл өлеңдер жоқ. Мазмұн жағынан соңғы өлеңдер 1911 жылға шейінгілерден көп күшті. Ілгерілі-кейінділі басылған «Масалар» туралы осымен сөзді қысқартып, енді «Масаның» мазмұнын тексерейік.

«Сөз иесінен» деген «Масаның» бастапқы өлеңінде жазушы былай дейді: Ызыңдап ұшқан мынау біздің маса, Сап-сары аяқтары ұзын маса. Өзіне біткен түсі өзгерілмес, Дегенмен қара яки кқызыл маса. Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша. Ұйқысын аз да болса ашпас па екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?! Бұл өлеңнің сарыны «Қырық мысалдың» өлеңдеріндей емес. Бұл өлеңде Ахмет, «өзіне біткен түсі өзгерілмес» деп, белгілі бір саяси бағытқа түскенін, одан өзгерілмейтін; саяси бағыт: «ұйықтағандардың құлағына ызыңдап ояту» екенін көрсетіп отыр. Ұйықтады дегені, əрине, қазақ елі ғой.

Неге белгілі саяси бағытқа түскенін Ахмет «Туысыма» деген өлеңінде көрсетеді: Болармын неғып ыриза туысыма? Туып ем таршылықтың уысында. Шамам жоқ жан-жағыма қол созарлық, Тар көрдің тығылғандай қуысына. Айта алмай шын сөзіңді қорғалайын, Туғаның бүйтіп қор боп құрысын да! Бар пайдаң өз басыңнан артылмаса, Мал ғұрлы мағана жоқ туысыңда.

Ахмет бұл өлеңінде, отаршыл Русиясының қысымшылығында тұрғанына назаланады да, басынан пайдасы артылмаған адамның тіршілігі малдан артық еместігін айтып, өзі үшін емес, біреу үшін істейтіндігін көрсетіп қояды. Ондағы «Біреу» əрине, қазақ.

Ахмет «Масада» да бірнеше орысшадан аударған өлеңдерін бастырған. Бұл өлеңдерінің «Қырық мысалдағыларынан» маңыз жағынан ерекшелері жоқ. Сондықтан оған тоқтауды қажет деп таппадық. Мəселен «Данышпан Əлектің ажалы» деген өлеңде: Əлек дейтін орыстың батыры жауға аттанып бара жатып, жолда батагөй қартқа кездеседі. Əлек шалға бал аштырса, шал ажалың астыңдағы аттан болады дейді. Əлек осы сөзден сескеніп, атын қимаса да тастап кетеді. Ол жолы Əлек жауын жеңіп қайтып, артынан біраздан кейін бір іске той қылады. Сол жиында баяғы аты есіне түсіп, біреуден сұраған екен, сұраған адам ол ат өлген, сүйегі ана дөңде жатыр дейді. Əлек сол арада, баяғы батагөй шалды «несін білген» деп сөгеді де, аттың сүйегін көруге барып, сүйектің арасында тұрғанда аттың қу басынан жылан шығады да, Əлекті шағып өлтіреді. Бұндағы айтылған бар мазмұн: «Шал əулие айтқаны келді. Тағдырда солай жазылған» деген сөз ғой. Бұл сөз əрине «Масаға» əлдеқалай кіргені болмаса, Ахметтің саяси тілегіне үйлеспейді. Өйткені егер, ол сөз рас болса, отаршылдық та «тағдырдың» бір түрі болуға тиісті ғой. Оған да қарсы шығуға болмайды ғой.

«Оқуға шақыру» деген өлең, ғылымның пайдасын халыққа түсіндіргеннені кейін, келешекке адам даярлау үшін балаларды оқуға шақырған өлең. «Масасында» Ахмет, қазақ халқын, орыс отарына қарсы ояту үшін екі үлкен əдіс қолданды. Біреуі – қазақты оқыту, білмегенін оқу арқылы білгізу Екінші Қазақтың отарға бағынғандағы, қал-жайын көзіне көрсетумен қатар, өткен кездегі қазақ елінің жеке ел боп тұрғанын көрсету. Ескі, хандық өмірді, бр екі болған өмірді мақтап, қазақтың есіне оңаша ел болу жақсы екен ғой! – деген нəрсені түсіру. Оған «Жұбату» деген өлеңі дəлел.

«Масаны» қорытқанда біздің айтарымыз мынау: «Қырық мысалдағы», ішін сыртқа шығармай ғана, патшаға ішінен қарсы болған қарсылығын Ахмет «Масада» ашық қып сыртына шығарды. «Маса» тұсында Ахметтің істейтін ісінің пурграмы ашылды. Ол қазақ елін орыс отаршылдарына қарсы көтерту. Бұл үшін Ахмет қазақты оятуға тырысты. Оятуға құрал қылған нəрсесі – қазақтың ескі өмірін дəріптеу, отар болған өмірдегі кемшілігін көрсету, ояту ел қылу, ел қылу үшін мəдениеттендіру. Осы мəселелердің Ахмет бəрін де шолып өтті. Жалғыз шолып өтумен қойған жоқ, сол мақсаттарын жүзеге асыру үшін күресіп, қиындығына шыдады. «Шолды» деген сөзді біз əдейі кіргізіп отырмыз. Үйткені Ахмет, «Масасында», қазақтың отар болған өмірін қазақ жырлаған жоқ. Отаршылықтың істерін көзге бадырайта көрсеткен жоқ.

#Ахмет #Байтұрсынов #Маса #өлең #жинағы #туралы