Міржақып Дулатұлы өмірбаяны | туралы қазақша

0

Міржақыптың өмір тарихы туралы толық мəлімет біздің қолымызға түспеді. Біздің қолымыздағы бар мəлімет, 1913 жылы Мəскеудегі Күншығыс институтының басқаруымен басылып шығатын «Ашшархият» дейтін кітап болды. Осы кітапта түрік елдерінің бірнеше ақын-жазушыларының шығармаларынан орыс тіліне аударма жасалған. Қазақ жазушыларынан ол жинаққа кіргендер: Абай Құнанбайұлы мен Міржақып Дулатұлы. Осы жинақтың басқарушыларына Міржақып қысқаша түрде өзінің өмір тарихын жазған. Біз оның сол мəліметімен пайдаландық. 1913 жылдан бергі істерін ауызша мəліметтен алдық. Сондықтан Міржақыптың өмір тарихын толық деп айта алмаймыз.

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы, 25 ноябрьде, бұрынғы Торғай уезінде арғын деген елде туған. Міржақыптың тұқымы да, əкесі де арғын ішіндегі белді тұқым, белді адам болған. Міржақып туғаннан кейін екі жылдан соң шешесі өлген.


Əкесі оны 8 жасында ескіше оқытатын молдаға сабаққа берген. Міржақып өмір тарихында бұл молдадан дəнеңе ұға алмағанын, дүре жеп, азап көргенін жазады. Екі жылдан кейін əкесі Міржақыпты молдадан алады да, ауылдық школде ушитіл боп түрған Мұқан Тоқтабайұлына орысша сабаққа береді. Мұқан Міржақыпқа бір жағынан орысша, бір жағынан мұсылманша сабақ оқиды. Өзі жазған өмір тарихында Міржақып «менің ең алғаш білімге көзімді ашқан осы кісі еді» дейді.

Мұқан бірақ көп тұрмай басқа мектепке көшеді. Осы кезде Міржақып 12 жасқа толғанда, əкесі өледі. Мұқанның орнына бір башқұрт ушитіл келеді. Ол бала оқытпайды, көбінесе күндіз-түні есігін жауып алып, отыратын мінез шығарады. Артынан бұл башқұрт фальш ақша жасайтын боп шығып, көп кешікпей абақтыға түседі.

1897 жылы Міржақып Торғай қаласындағы орысша екі класты мектепке түседі. Бұл школді 1902 жылы бітіріп шығады. 1902 жылдан 1909 жылға шейін өз маңында ушитіл болады.

1906 жылы Петроградта шығып, тез жабылып қалатын «Серке» дейтін газетте оның ең алғашқы өлеңі басылады. Осыдан кейін ол көркем əдебиетпен шұғылданып, 1909 жылы «Оян, қазақ!» атты өлең жинағын шығарады. «Оян, қазақта!» ол ашық ұлтшылдық бағытпен шығады.

«Оян, қазақ!» шыға салысымен қуғынға ұшырады. Соның қуғыннан ығысты ма екен? Болмаса басқа себебі бар ма екен? Міржақып 1910 жылдары Торғай облысынан кетіп, Ақмола облысының Қызылжар каласына (Петропавл) барған. Ондағы тұрмысын білемін деген адамдар, бір жағынан судьяға перевотшык болды да, екінші жағынан жалданып орысша бала оқытты, дейді. Осы кезде Мағжан Жұмабайұлы да содан оқыған болуы керек. Омбы уезінің Шарлақ деген ауданына (кəзір Қызылту) ауылда ушитіл болды, дейді. Ол анық мəлімет емес.

1911 жылы Міржақып Қызылжардан Семей облысына саяхатқа шығады. Ондағы максаты – «Оян, қазақты!» тарату болуға тиісті. Жолда, Семей қаласында тоқтағанда, полиция оны тұтқынға алады. Бұл туралы «Айқап» жорналының 1911 жылы шығатын 6-санында мынадай хабар басылған:

«Қазақ зиялыларынан Міржақып Əпенді Дулатов Петропавлда Зайсан, Устікəменгөр уездерінде саяхат ете бара жатып, Семей шаһарына тоқтаған еді. 6 июльде полиция майоры тарапынан арыставыт етілді. Дулатовтың пəтері облысной, Омский орамдарының бұрышы, екі этажды, жұрттың үстіңгі қатарында бір қазақ ушитілімен бірге еді. Кешкі сағат 7-де пəтерін городовойлар қоршап алғанда үйге жандармский ротмистр, полицмейстер, бірінші класты пристав жаңа надзирательдер кіріп, тінте бастаған. Тінту сағат 12-ге шейін созылған. Жандармский ротмистр өзінің қалтасынан «Оян, қазақ!» рисаласын шығарып, «бұл кітапты білесің бе?» деп сауал берген. Дулатов «бұл кітапты мен жаздым, һəм екі рет басылып, екеуінде де цензураның ұлықсаты болды» деп жауап берген. Дулатовтан əр түрлі қазақ, татар, орыс тілдерінде кітаптар табылып, газеталар, қолжазбалар табылып, оларды алған. Бұлардың арасында Fайаз Есқақияның соңғы шыққан «Жамхият» һəм «Тұрмысмы бу» романдары, «Уақыт», «Қазақстан», «У мира мусульманства» газеталары, Байтұрсыновтың «Қырық мысал», «Маса» деген айсалалары, Ғұмар Қарашевтың «Өрнек», «Тұрмыс», Ғабдолла Уштақтың «Көкшілдер» һəм «Шайыры», Дулатов өзі жазған «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамалдары», тəртіп етіп жүрген қазақ балалары үшін екінші бөлімі, уағайыры басқалар бар екен.

Сағат 12-де Міржақып əпендіні түрмеге жөнелтті. Дулатовтың Семейден ізденер адамы жоқ. Қашан азат кылады, мағлұм емес. Былтыр қазақ шағыры Ахмет Байтұрсынов та Семей түрмесінде 9 ай тексерусіз, себепсіз жатқан еді. Мұның қалы нешік болар?».

1912 жылы январда шығатын 1-санында мынадай мəлімет басылды:

«Өткен 23 декабрьде Семейпалат округының соты Міржақып Дулатов ісін қарады. «Оян, қазақ!» рисаласын тəржіма еткен екі орыстан басқа Дулатов тарапынан шақырылған екі экісперт: Семинария ушитілі Нұрғали мырза Құлжанов, Рахметолла Елікбаев бар еді. Дулатовты пырисажный пуверенный уаислер қыймая етті.

Окружной сот Дулатовты кешкі сағат 7-де Угəловный полажениясінің 103- ыстатьясының 2-пункті, һəп 129-статьяның 6-пунктімен айыпты тауып, бір жыл кірепіске хүкім етті. Соттан бұрын 6 ай отырғаны есеп емес. Дулатов бұл хүкімге разы болмай, шикаят етешегі естілді» (33-бет).

Осы санда тағы былай деп жазылған: «һыидарамызға келген соңғы хабарға қарағанда «Міржақып 2000 сом залок салып, азат етілген екен». Міржақыптың азат етілген, етілмегені анықталмады. Ауызша айтқан адамдар «отырып, күнін өтеп шықты» дейді.

Бұдан кейін Міржақып, 1913 жылы Орынборға келіп, «Қазақ» газетін шығарушысының біреуі болғанда, өзі соның қызметіне кіріп, төңкеріске шейін сонда істеген. Бұл кездерді оның жазған өлеңдері «Азамат» атты кітап боп шықты. Жазған мақалаларында да, шығармаларында да ол үнемі ұлтшылдық бағытпен жүрді. Осы кезде, жоғарыда көрсетілген оқу құралын жазып шығарды. Жаңа бастауыш мектеп үшін есеп құралын жазды. Февральдан кейін Міржақып «Алашорданың» басты адамының біреуі болды.

1916 жылы, ол Ақмола, Семей облыстарына қазақтан əскер алу жұмысын жүргізуге барды. Осы жүрісінде ол Қызылжарда шығатын Алашорда газеті «Жас азаматқа», Семей Алашорданың газеті «Сарыарқаға» балшебекке қарсы боп мақала жазды.

Бұл жүрісінен қайта сала, ол Орынборға келіп, Торғайға барды да, Алаш əскерін жасап, сол əскермен азамат соғысында жанарал Дутовпен қосылып, балшебекке қарсы шықты. Оның артында казаншы (каптинармус) болған Жанзақ Жəнбекұлының айтуы бойынша, Міржақып соғыс тройкасының бастығы болған. Оның отрядын башқұрт жанарал Дашкин басқарған. Міржақып Торғайда балшебек тарапты боп тұрған Амангелді деген адамды татуласам деп, алдап, қолға түсіріп, көп адамымен атқан. Одан басқа майданда жүргенде көп балшебекті атқан.

1919 жылдың аяқ кезінде Дутовпен қабат, Дулатов əскері де Қызылжардан жеңіліп, Дулатов Атбасар уезіне шыққан жерде əскерін таратқанда, өзі қыр елімен қашқан. Сол қашып жүрген жолында біраз уақыт қара құйын болыс атақты Аққошқар, Сайдалы ауылдарында көп уақыт жатқан.

1920 жылы шөлдетіп, Ташкен барып, «Ақжол» газетіне қызметке кipген. Одан қуғын көре бастаған соң тағы да қыр елін басып отырып, Көкшетау қаласындағы Ерқосай Мұқышұлының үйінде тұрған əйеліне барып, əйелін алып, елдетіп Семей кеткен.

1921 жылы Семейдің облыстық сотында судья болған. 1922 жылы одан абақтыға түсіп, Орынборға алдырылған да, Орынборда шығарылып, қазақ институтіне оқытушы боп кірген. Сол қызметте 26 жылға шейін жүрді де, 26 жылы Қазақстан мемлекет баспасына редактор болды. 27 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне əдебиет редактор (тіл түзегіш) боп кірді. Сол қызметінде 1930 жылға шейін, 1930 жылы Алашорда бастықтарының кеңес үкіметіне қарсы ашқан жасырын ұйымында белсенді қатынасы болғаны сезілгендіктен, абақтыға түсті.

#Міржақып #Дулатұлы #өмірбаяны