Адамның жаратылу және даму тарихы туралы қазақша

0

Алғашқы қауымдық құрылыс-адамзат тарихында ең ұзаққа созылған тұңғыш әлеуметтік-экономикалық формация. Қазіргі заманның ғылымында кең тараған пікір бойынша, ол адам баласының жаратылуынан басталып таптық қоғам пайда болғанға дейінгі кезеңді қамтиды. Жаңа мәліметтерге қарағанда, оның төменгі шегі кем дегенде 2-3 миллион жыл болып белгіленсе, ал жоғарғы шегі соңғы 5 мың жылдыққа келіп тіреледі.

Алғашқы қауымдық құрылыста оның барлық мүшелерінің өндірістік құрал-жабдықтарға қатынастары бірдей, соған сәйкес қоғамдық өнімнен алатьш сыбағасы да тең болған. Осыған орай оны «Алғашқы қауымдық коммунизм» деп те атайды. Бұдан кейінгі қоғам дамуындағы кезеңдерден алғашқы қауымдық құрылыстың ерекшелігі сол — мұнда жеке меншік, таптар және мемлекеттер жоқ.

Адамның қалай жаралғаны, оның ертедегі кескін-келбеті, еңбек қызметінің қалайша басталғаны, тілдің шығуы, сондай-ақ қоғамның пайда болу тарихы ғасырлар бойы жұртты қызықтырып келеді. Осындай фактілерді зерттеумен арнаулы ғылым — антрапология айналысады. Ықылым замандағы бабаларымыздың тік жүре бастаған және еңбек операцияларын жасау үшін қолын бос ұстауы алғашқы қарапайым еңбек құралдарының қолданылуы адамзат қоғамы қалыптасуының бастапқы кезеңі саналады, тек еңбек арқылы ғана адам жануарлар әлемінен бөлініп шыққан.

Ертедегі адамдарды ғалымдар «алғашқы адамзат табыны» деп атайды. Егер алғашқы адамдарды архантроптар (питекантроптар, синантроп, атлантроп, гейдельбер адамы және басқалар) десек, ал «алғашқы адамзат табынының» пайда болған мерзімін біздің заманымыздан бұрынғы (бұдан былай — б.з.б.) 1 млн жыл шамасында деп белгілесек, пезинджантроптар дейтіндер -2 млн жылдан астам мерзімде өмір сүрген боп шығады.

Ф. Энгельстің сөзімен айтқанда, алғашқы адамдар тарихқа енгенде әлі жартылай жануарлар еді, әлі тағылар болатын, табиғат күштері алдында дәрменсіз еді, өз күшін әлі ұғынбаған болатын, сондықтан олар еңбек етіп жан сақтау жағынан жануардан аз ғана жоғары тұрған.

Адамның арғы тегі жануарлардан, атап айтқанда, маймылдан тарағаны жөніндегі Дарвиннің теориясы кеңінен мәлім. Ол ежелгі адамның ата-бабасы Африкадағы маймылдардың ішіндегі адамға көбірек ұқсайтын шимпанзе мен горилла деп пайымдаған.

Неғұрлым кеңірек тараған көзқарасқа сәйкес, шамамен осыдан 40 мыңдай жыл бүрын, ерте және соңғы палеолиттің аралығында палеонтроп келбетті адамдар неантропқа — осы заманның адамдарына айналады. Адамның қалыптасу процесінің аяқталуы (антропогенезі) қоғамның (әлеумет генезі) қалыптасуының аяқталуынсыз мүмкін емес еді. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: тек ерте және соңғы палеолит шекарасында ғана «алғашқы қауымдық табын» нағыз адамзат қоғамына ауысады.

Ерте палеолит — «алғашқы қауымдық табын» дәуірі -бұл жалпы алғанда әлеуметтік, ең алдымен алғашқы қауымдық ұжымдық қатынастардың қалыптасу кезеңі. Ежелгі адамдар — архантроптардың тараған жері аумақты болмады, климаты жылы аймақтармен шектелді. Олардың негізгі кәсібі аң аулау, ұжымдасып жабайы хайуандарды ұстау, қару-жарағы — шоқпар, жебе, дөрекі өңделген тас болды. Өздігінен өсетін дәндерді, жеміс-жидек теріп жеу олардың өмірінде үлкен рөл атқарды. Синантроптар сол кездің өзінде-ақ отты пайдаланды, бәлкім олар отты шығару әдісін де игерген болар. Піскен ет пен өсімдікті тамақ ету адамның дамуына игі әсер еткені сөзсіз.

Соңғы палеолитке өтуге байланысты негізгі екі сатыны, екі кезеңді атап көрсеткен жөн. Оның біріншісі — өндіргіш күштердің даму деңгейінің адамдардың қажетін өтеуге жететіндей өнім өндіруімен сипатталады. Мұндай жағдайда өнімді қауым мүшелеріне тепе-тең бөлу ғана мүмкін еді. Тепе-тендік қатынастардың мәні мынада: кімнің қанша және қалайша тапқанына қарамастан өнімнің бәрі сол ұжымның толық және бөлінбейтін меншігі саналған. Нәтижесінде ұжымның әрбір мүшесі сол топқа жататындықтан өзіне тиесілі үлеске құқылы болған. Бөлісу кезінде оның өндіріске қатысқаны, не болмаса өнім өндірудегі үлесінің көлемі есепке алынбады. Бөлісу негізінен қоғам мүшелерінің керегін қанағаттандыру ескеріліп жүргізілді, ересектердің үлесі балаларға қарағанда көбірек. Ұжым мүшелерінің нақты үлес мөлшері қолға түскен өнімнің жалпы көлеміне байланысты еді. Тек жұмысқа жарамдылардың қажырлы іс-әрекеті ғана әрбір ұжым мүшесінің күн-көрісіне қажетті үлеске ие болуын қамтамасыз ететін.

Сонымен, алғашқы қауымдық құрылыстың ең бастапқы кезеңінде ұжымдықтан өзге ешқандай меншіктің болуы мүмкін емес еді. Осы кезеңцегі ұжымдардың көлемі әдетте ондаған адамнан аспаған. Бірақ мұның өзі олардың әлеуметтік дербестігіне (ең әуелі экономикалық жағынан) бөгет жасамады. Ұжым ішінде ешқандай айырықша өкімет органы да, лауазымды адамдары да жоқтын. Кейбір адамдар едәуір ықпалға ие болды, бірақ бұл олардың жеке басының сапасынан туындап отырды. Ұжымдардың ішкі істерін шешуде толық дербестігі болғаны олардың өзара байланыстарына кедергі жасамады. Сонымен бірге мұның өзі қоғамның ұйымдасу формаларының неғұрлым жоғары дамығанын көрсетеді, көршілес ұжымдар қандас-туысқандық байланысына қарай тайпаларды құрады. Олар шаруашылығының біртектес сипатына қарай біріккен бірнеше (саны азды-көпті) рулық қауымдардан құрылды. Бір тайпаның барша ұжымдарына тән ортақ тілі мен мәдениеті болды. Осы кезде қоғамдық сананың кейбір формалары енді ғана біліне бастаған еді.

Діннің магия және тотемизм формаларының соңғы палеолитте орын алғаны сөзсіз, бәлкім олар тіпті неандерталдықтар тұсында басталған болар. Сол сияқты анимитизмнің де орын алуы ықтимал. Бейнелеу өнері де сол кезде пайда болған. Үңгірлердің қабырғаларында хайуандар бейнеленген, тастан, балшықтан т.с.с. мүсіндер жасалынған.

Өндіріс шабан болса да үздіксіз дамып отырды. Тасты, сүйекті, мүйізді өңдеу техникасы өрістеді. Аң аулау мен балық аулау тәсілдері жетілдірілді. Мезолитте садақ пен жебе тарай бастайды. Иттерді қолға үйрету, бәлкім, осы кезеңге жататын шығар. Осының бәрі алғашқы қауымдық құрылыстың бастапқы кезеңінен оның екіншісіне өтуіне жағдай жасаған.

Алғашқы қауымдық құрылыстың тарихын жалпы кезеңдестіруді атақты американ этнографы Льюис Генри Морган өзінің «Ежелгі қоғам» деп аталатын негізгі еңбегінде (XIX ғ. 70 ж. жазған) атап көрсеткен. Морганның бұл ғылыми еңбегін Ф. Энгельс жоғары бағалады және оның алғашқы заманды дәуір-дәуірге бөлу кезендерін қорытындылады (Ф. Энгельс: «Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы»).

Бұл құрылыстың екінші кезеңі өндіргіш күштердің азық-түлік молшылығының біршама дәрежеде пайда болуына жеткізген деңгейімен сипатталады. Мұның өзі әлеуметтік-экономикалық қатынастардың барша жүйесін едәуір қайта құруға дайындық жасады әрі оны жүзеге асырды. Артық азық-түліктің көпшілігі біртіндеп аз ғана топ адамның қолында шоғырлана бастады, ал мұның өзі қанаушылықтың тұңғыш формаларының пайда болуына жағдай жасады. Қауымдардың ауқымы кеңейе түсті. Енді олардың құрамындағы адамдар жүздеп саналды. Қауымдардың құрылымы да күрделіленді. Олар біршама оқшауланып өз бетімен күн көріп жүрген бөлімшелерді біріктірді, ал соңғылардың өзі бірнеше бөлікке бөлінуі ықтимал еді. Қауымдар арасындағы байланыстар нығая түсті. Көп жағдайда біршама берік қауымдық бірлестіктер ұшырасатын болды, олар көбіне рулар одақтарын құрды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. -368 б.

#Адамның #жаратылу #және #даму #тарихы