Home Білім Қазақстан аумағындағы алғашқы адамдар | туралы қазақша

Қазақстан аумағындағы алғашқы адамдар | туралы қазақша

0
88

Алғашқы адам Қазақстан аумағында тас дәуірінің өзінде-ақ, яғни бұдан 700-500 мың жыл бұрын өмір сүрген. Оны Қаратау жотасында, сондай-ақ Есілдің жоғарғы сағасында, Балқашпен Маңғыстау өңірлерінде табылған кейбір құралдар дәлелдейді. Ол кезде климат қазіргідей емес еді. Таулар аласа болатын. Қазақстанға оңтүстіктен, Үнді мұхитынан жылы ауа кедергісіз қаптап келіп тұратын. Жылы жауынның көп жаууы нәтижесінде өсімдіктер қаулап өсетін. Мұнда сан алуан жануар өмір сүрген. Өзендер мен көлдердің жағалауында, сайларда пілдер жүретін. Алтай тауларының солтүстік етегіңде мамонттар, жүндес мүйізтұмсық, үңгір аюлары кезігетін. Шамамен осыдан 100 мың жыл бұрын климат бірсыпыра суып, жылылыққа үйренген жануарлар біртіндеп құри бастайды. Қазақстанда климаттың сууы ұзаққа созылды, біздің заманымыздан 15-20 мың жыл бұрын климат жылып, қазіргіге ұқсайды. Мұның өзі адамзат қоғамының дамуына игі әсер еткен.

Бұл кезде тас өңдеу техникасы жетіле түсті. Құралдарды жасағанда адамдар отты қолдана білді. Сөйтіп әр түрлі еңбек құралдары пайда болды: сындырғыштар, қалақтар, кескіштер, тескіштер, найзалар мен сүңгінің ұштары. Сүйектен ине жасалды, адам теріден киім тігуді үйренді.

Б.з.б. V ғасырдан бастап жаңа тас (неолит) дәуірі басталады. Бұл кезде тастың пайдалы қасиеттері барынша пайдаланылады: тас балта, кетпен, диірмен, келі, келсап, осы кезде тұңғыш рет балшықтан иленіп отқа қақталған құмыра тұрмысқа енді. Мұның өзі ас пісіруге көшуге жағдай жасады.

Мал өсіру мен егіншіліктің қолға алынуы дәуірдің аса маңызды белгісі еді. Шаруашылықтың жаңа түрлері адамзат қоғамының дамуы үшін орасан зор әсер етті, адамның еңбек қызметінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапа жағынан өзгертті.

Егіншілік пен мал өсіруге көшу адамзаттың өндіргіш күштерін дамытудағы аса ірі бетбұрысы. Ол шын мәнінде нағыз төңкеріс еді. Егер адам бұған дейін өзі жасаған құралдар арқылы өндірілген өнімді пайдаланып келсе және оны табиғаттағы дайын күйінде кезіктірсе, енді кейбір табиғат құбылыстарын өзінің бақылауына алды, оны іске жарата бастады. Мұның өзі халықтың неғұрлым шапшаң өсуіне жағдай жасады.

Адамдардың неолит дәуірінде өндіргіш күштердің даму деңгейін көтеруі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуына себепші болды. Осы тұста кен кәсібі мен тоқымашылық қолға алына бастаған.

Қазақстанда жаңа тас дәуірінің аяқ кезінің өзінде (бұдан 4 мың жылға жуық бұрын) құралдар табиғатта сол күйінде кездесетін мыстан жасалына бастады, тек неолиттен кейінгі қола дәуірінде (б.з.б. II мың жыддықтың басы) ғана металл пайдаланылып, тас құралдар ығыстырылды.

Әлеуметгік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым кезеңі еді, онда ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен бірге осы шақта қоғамның ұйымдасу формалары неғұрлым жоғары дамиды. Қандас-туысқандық байланысына және шаруашылықтың біртекті сипатына қарай (саны азды-көпті) бірнеше рудың басын қосқан бірлестіктер құрылды. Бұған ежелгі Қазақстанның тайпалары да жатады. Олардың шекаралары өте кең болатын — Қазақстан мен Орал маңынан басқа, Батыс Сібірдің далалық аймағын, Алтайды және Орта Азияның солтүстік аудандарын қамтыған. Бұл мәдени орталықтың Андронов мәдениеті аталуы 1914 жылы Ачинск қаласы маңындағы Андронов деревнясында адамдар құралдарының қалдықтары табылғандықтан. Олар егіншілікпен, мал өсірумен, аңшылық, балық аулау, тоқымашылық, тері илеу, металдан және сүйектен құрал жасау сияқты кәсіппен айналысқан. Осы мәдениеттің қуатты орталығы Қазақстан аумағыңда болған. Тайпалар қоладан шеберлікпен қару-жарақ және еңбек құралдарын жасаған. Қола мен мысты пайдалану, мал өсіру мен егіншілікті дамыту қоғам өміріндегі ірі өзгеріске өкелді. Матриархат патриархатпен алмасады, патриархалдық отбасылық меншіктің нышаны пайда болды.

Б.з.б. II мың жылдықтың басында, бас далалық аудандар сияқты, Қазақстан аумағында да климат өзгеріп, ол барған сайын қуандана түседі. Табиғи су көздері азаяды, мұның өзі ірілі-кішілі өзен сағаларындағы егіншілікті тежейді. Мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысатын тайпалар арасындағы халық санының үздіксіз өсуі мен өндіргіш күштер денгейінің төмен болуы арасындағы алшақтық халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін қиындатады. Мұндай жағдайдан шығудың бірден-бір жолы — жайлайтын жер көлемін ұлғайту. Мал шаруашылығының дамуы нәтижесінде қола дәуірінде, Ф. Энгельстің атап көрсеткеніндей, бақташылар тайпалары варварлардың негізгі көпшілігінен бөлініп шығады, бұл қоғамдық алғашқы бөлінісі еді (К. Маркс пен Ф. Энгельс. Шығар., 21-том, 160-бет).

Қола дәуірі — мал шаруашылығының үздіксіз дамыған кезі. Сірә, ол кезде Қазақстанның кең байтақ аумағындағы халықтың бәрі бірдей шаруашылықтың осы жаңа формасына көше қоймаған болуы керек. Тайпалар қола дәуірі тұсында үй маңында мал өсіруден жайлауда мал бағуға, одан кейін көшпелі мал шаруашылығына көшті. Нақ осы жағдай материалдық мәдениеттегі өзгерістерді туғызды, дегенмен, бұл өзгерістер барлық жерде біркелкі болмады. Географиялық және басқа факторларға байланысты кейбір аудандарда әуелі жабайы хайуандарды қолға үйрету басталды.

Егіншілік пен мал шаруашылығының дамуы қоғамның азық-түлікпен және тұтыну бұйымдарымен көбірек қамтамасыз етілуіне, артық азық-түліктің пайда болуына, өңдіргіш күштердің дамуына орай кейбір отбасыларда ірі табын малдар шоғырланды. Олардың иелері үнемі жайылымдарды ауыстырып отыруға мәжбүр болды. Біртіндеп, тек өзен сағалары ғана емес, далалар мен жартылай шөлейт аймақтар, Тань-Шань тауының бөктерлері де игеріле бастады. Адамдар жылқыны мініске үйретіп, ауыздық жасауды игерді, сөйтіп ол көлік ретінде пайдаланылды. Тұрақты баспанаға киіз үй пайдаланылды, ол жеңіл әрі көшіп-қонуға өте қолайлы еді.

Еңбек құралдары мен қару-жарақтар жетілдірілді. Алысқа ататын садақ, ұшы металдан жасалған үш қырлы найза, қылыш — қорғаныс және шабуыл жасаудың сұсты қаруларына айналды. Мал мен жайылымдықтар үшін жүргізілген соғыстар тайпа басшыларын байыта түсті. Осы мақсатта рулар мен тайпалар одақтарға бірігеді, олардың басында көсемдер тұрды. Осылайша қуатты одақтар пайда болады. Мысалы, б.з.б. III ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде тайпалар одақтары құрылады, олардың ішінде үйсіндер мен қаңлылар жетекші орын алады. Олар осы өңірді мекендеген сақтардың ұрпағы болатын. Үйсіндер Жетісуды, қаңлылар — Қазақстанның оңтүстігін мекендеді. Бұлардан басқа үге, юс-жи, аландар да осы өңірдің халқы.

Үйсіндердің батыс шекарасы Талас өзені. Қытайлық деректерге қарағанда үйсіндердің саны 120 мың түтін немесе 620 мың ер және әйел болған.

Үйсіндерден батысқа қарай қаңлылар мекендеген, олардың басым көпшілігі Қаратау бөктері мен Сырдарияның орта ағысы маңын алып жатты. Қаңлылардың да саны 120 мың түтін. Жан басы шамамен 600 мың. «Кангюй» деген термин VIII ғасырдың басында көне түріктің руналық басылымдарында кездеседі, кейінірек «кангюй» қаңлы тайпасы болып аталып кеткен.

Тайпалардың өз орталықтары болған. Мәселен, үйсіндердің ордасы Ыстық көл жағасындағы Чигу-чен, ал қолбасшыларын гуньмо деп атаған. Олар негізінен мал асыраған, егіншілікпен айналысқан. Үйсіндер әсіресе жылқыны жоғары бағалаған. Сонымен бірге қой, түйе, ірі қара өсірген, тары сепкен. Үйсіндер мен қаңлылар Алтай, Орта Азия, Сібір халықтарымен саяси және экономикалық байланыс жасап отырған.

Бұл кездегі адамдарға табиғатқа табыну, ата-бабаларының әруағына сыйыну тән еді: табиғат күштерін киелі рух деп ұғып, оларға құрбан шалатын, сондай-ақ Күнге, отқа, Айға, жұлдыздарға табынатын. Аспан шырақтары жыл қайырудың негізі саналады, көшіп-қону кезінде соларға қарап жолдарды, егін салу мерзімін белгіледі, діни ғұрыптарды реттеп отырды.

Үйсіндер мен қаңлы тайпаларында алғашқы қауымдық құрылыстың ьщырауы байқалды, қоғам байлар мен кедейлерге, еркін адамдар мен құлдарға бөлінді. Байыған көсемдер ең тандаулы жайылымдарды иеленді, оларды өздерінің меншігі санады. Қорғандарды қазғанда қожаларының жанында құлдар да табылды, оларды өлтіріп, қожасымен қоса жерлейтін.

Қауымдық жерді тартып алу алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау және феодалдық таптық қатынастардың қалыптасу процестерін жеделдетті. Гуньмо атануды мақсат тұтқан ақсүйектердің өзара қырқысуы және алтайлық түркілердің үйсіндердің жеріне килігуі үйсін тайпалар одағының ыдырауына әкеліп соқты. Үйсін Ордасы б.з. ІІ-V ғғ. өмір сүрді. Жетісу аймағына билік құрған. Елді Елжау би басқарған. Соңында үйсіннің жері Түрік қағанатының құрамына енеді.

Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары қола дәуірінде мәдениеттің бастапқы түрін жасады, соның негізінде темір дәуірінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты. Көне замандағы үйсіндердің материалдық мәдениеті жеткілікті дәрежеде толық зерттелген. Талас, Іле және Шу аңғарларындағы мекендер мен қорғандарды қазғанда олардан алынған материалдар үйсіндердің баспаналарының, үй іші жиһаздарының, еңбек қүралдары мен қаруларының қандай болғаны, қыштан ыдыс-аяқ жасаудың тәсілдері, сондай-ақ жерлеу рәсімдері жайында жан-жақты мәліметтер береді.

Б.з.б. I мың жылдықтың екінші жартысында далалықтардың рухани мәдениеті жаңа сатыға көтеріледі — түрік жазуы пайда болады, түрік әдебиеті дүниеге келеді; түркі тайпалары тұңғыш рет сол кездегі будда, христиан, ислам секілді ұлы діндермен таныс болады. Басқа да өркениет жетістіктерін игереді.

Бұл кезең сонымен бірге мемлекеттің тууының да алғашқы сатысы болды. Сайланьш қойылатын көсемдердің қолына азаматтық және әскери билік шоғырланды, олардың басшылығымен жасақтар құрылды. Рулық қатынастар бірден-бір тез ыдырап, әлеуметтік құрылымның жаңа формалары қалыптаса бастады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. -368 б.

#Қазақстан #аумағындағы #алғашқы #адамдар