Қазақ республикасы әлде Қазақ Елі ме?

0
148

«Ақ жол» партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың мемлекет атауын «Қазақ Республикасы» етіп ауыстыру туралы ұсынысы – жаңа идея емес. 1995 жылы жаңа конституция жобасы жарияланғанда «Қазақ Республикасының Конституциясы» деп ұсынылған. Сонда президенттің өзі де сол вариантты қолдаған. Бірақ, «ел атауы халықаралық құжаттарда жазылып кетті» деген себеппен, қайтадан «Қазақстан Республикасына» көшті. Одан соң да бұл ұсыныс бірнеше рет айтылды. Соңғы рет Назарбаев 2014 жылы «Қазақ Елі» деген атау ұсынған.

Қисын тұрғысынан «Қазақ Республикасының» дұрыс екені көп айтылды, оны қайталаудың қажеті жоқ. Перуашевтың бұл жолы айтып отырғаны – мемлекеттің тарихын 1991 жылдан бастамай, СССР құрамындағы Қазақ автономиялық республикасы құрылған кезден бастау. Бірақ мұнда бір қайшылық бар. Перуашев мысалға алып отырған Әзербайжан Совет одағы аясында құрылған мемлекетті емес, 1918 жылы құрылған тәуелсіз Әзербайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдығын тойлады. Яғни, Әзербайжан сол жылы мемлекет құрып, Совет одағының кесірінен ол мемлекеттен айырылып қалдық деп санайды. Тіпті тулары да сол алғашқы ұлтшылдар көтерген ту. (Кавказ елдерінің бәрі солай). Ал Украина мемлекетін 1918 жылы құрылған Украин Халық Республикасынан таратып қана қоймай, оның символдарын (ту, герб), тіпті парламенттің «рада» атауын қалпына келтірді.

Ал Қазақстандағы Алашорда үкіметі Әзербайжан мемлекетінен бұрын ғана құрылған жоқ, оларға рухани, идеялық жағынан үлгі болып, қолдау көрсетті. Сондықтан, мемлекеттің құрылу тарихын қайта қарайтын болсақ, онда 1917 жылғы Алашорда үкіметі құрылған кезден бері тартқан орынды.

Ал, жалпы «Қазақ Республикасына» латын қарпіне көшудің аясында ауысу мүмкіндігі бар. Егер үкімет бұл ұсынысты қолдаса, онда «қазақстандық» деген азаматтық ұлт идеясы жобасы аяқталып, жаңа мәдени ұлт құру жолында үлкен қадам жасалды деген сөз

 

Мұхтар  Сеңгірбай