«Назарбаев президенттіктен кетсе де, саясаттан кетпейді»

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілетін тоқтатып, сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты уақытша президент ретінде жариялауын сарапшылар әртүрлі бағалайды. Алайда олар Назарбаев президенттіктен кеткенімен, саясаттан кетпейді деген ортақ пікір білдірді.

Наурыздың 19-ында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кететінін, Конституция бойынша сенат төрағасы уақытша президент қызметін атқаратынын жариялады. Қазақстанды Совет Одағынан бері 30 жылдай басқарған 79 жастағы Назарбаевтың өкілеті 20 наурызда тоқтатылады. Уақытша президент қызметін атқаратын сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осы күні жаңа қызметіне кірісер алдында парламентте ант қабылдамақ. Елде президент сайлауы қашан өтеді деген мәселе бұған дейін ара-тұра талқыланғанымен, мерзімі белгісіз болып келе жатқан. Президент Назарбаев осындай кезде шұғыл мәлімдеме жариялап отыр. Мәлімдеме мемлекеттік теле-радио арналардан таратылған соң, тұңғыш президент кеңсесінің жасақталғаны хабарланды.

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасына сарапшылар әртүрлі баға бергенімен, ол саясаттан біржолата кетпейді деп тұжырады.

«КҮТІЛГЕН БЕЛГІСІЗ КҮН»

Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин Назарбаевты халықаралық қауымдастық қысымымен биліктен кетті деп санайды. Оның айтуынша, Назарбаевтың президенттіктен кетуі — әбден күтілген жағдай. Мұның себебін саясаткер Назарбаевтың ұзақ уақыт билікте отырғанымен байланыстырады.

Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық саясаткер
Жасарал Қуанышәлин, оппозициялық саясаткер

— Таяуда Еуропарламентте Қазақстанның атына айтылған сыннның өзі Назарбаевқа тықыр таянғанын білдіреді. Әрине, Назарбаев та биліктен кетуге алдын-ала дайындалды. Өткен жылы өзін-өзі Қауіпсіздік кеңесінің өмірбақилық төрағасы деп жариялауы — соның бір көрінісі, — деген саясаткер Назарбаевтың биліктен кету мерзімі ғана бүгінге дейін белгісіз болғанын айтады.

— Басты мәселе — Назарбаевтың кеткені. Бұл оның өзі ыңғайлап құрған жүйесіне де үлкен сын болғалы тұр. Назарбаев үшін президенттік қызмет сол жүйенің қазығы сияқты болатын. Ендігіде ол Қауіпсіздік кеңесі аясында жаңа өкілдіктерге ие болғанымен, оның бәрін іске асыру — екінші мәселе, — дейді Жасарал Қуанышәлин.

«БИЛІК ТРАНЗИТІН ТҰРАҚТЫ ЖАҒДАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ»

Ал саясаттанушы Расул Жұмалы бұған дейін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ВВС арнасында Назарбаевтың ендігі сайлауға қатыспауын меңзеуі Назарбаевтың президенттіктен кететінін алдын-ала білдіргендей болды деп есептейді. Ол Назарбаевтың таяуда ғана Конституциялық кеңеске президент өкілетін тоқтату туралы сауал жолдауы да назар аудартқанымен, президенттің дәл бүгін қызметтен кетуін күтілмеген оқиға деп бағалайды.

— Осыны бәріне қарамастан, сарапшылар ортасында скепсис басым болып келген. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен, үлкен саясаттан кетпейтіні анық. Ол ендігіде Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі арқылы саяси, экономикалық мәселелерге де араласа алады. Бұған қоса биліктегі «Нұр Отан» партиясының төрағалығы да Назарбаевта қала береді , — дейді Расул Жұмалы Азаттыққа.

Саясаттанушы Назарбаевтың президент ретінде өкілетін тоқтатуын оң өзгеріс деп бағалайды. Расул Жұмалы президент отставкасы билік транзитін мейлінше тұрақты жағдайда қамтамасыз ету үшін маңызды дейді.

Расул Жұмалы, саясаттанушы.
Расул Жұмалы, саясаттанушы.

— Елдегі наразылықтың өсіп бара жатқаны, қаржылық, экономикалық әлеуметтік жағдайдың нашарлауы, билікке сенімнің азаюы, халықаралық қауымдастықтан болған қысым — осының бәрі осындай шешімге түрткі болған сияқты — дейді ол.

Саясаттанушы уақытша президент қызметін атқаратын сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші президент болуына да мүмкіндік көп екенін айтады.

— Оған Назарбаевтың сенім артуы, өзінің мемлекеттік тұлға ретіндегі тәжірибесі, ешбір кландық топқа жатпайтыны және халықаралық дәрежедегі беделі — Тоқаевтың ұпайын түгендей түсетін факторлар, — дейді Расул Жұмалы.

«ПУТИННІҢ ӘРЕКЕТІНЕН ДЕ ҰТЫМДЫ ҚАДАМ»

Тағы бір саясаттанушы Айдос Сарым болса, Назарбаев президенттіктен «формалды түрде ғана кетті» дейді. Ол президент отставкасының қазір жариялануын елдегі экономикалық жағдаймен байланыстырады.

— Қалай болғанда да мұны үлкен батыл қадам деп ойлаймын. Сондықтан Назарбаевтың президенттік өкілетін тоқтатуы көптеген жағдайды нөлге айналдырып жібереді, — дейді ол Азаттыққа.

Айдос Сарым да Назарбаев саясаттан түпкілікті кетпейтінін, ықпалын сақтап қалатынын айтады.

Айдос Сарым, саясаттанушы
Айдос Сарым, саясаттанушы

— Мәселен, Ресей президенті Владимир Путин де президенттік мерзімі аяқталған тұста конституцияға бағынғандай түр көрсетіп, премьер кезінде де айналасындағыларға өз ықпалын сақтап қалды. Сол кезде Дмитрий Медведев те демократия, жемқорлықпен күрес туралы айтып, өз президенттігін қарқынды бастаған. Бірақ соңынан басылып қалды емес пе?! Дегенмен біздегі жүйенің Ресеймен салыстырғанда айырмашылығы бар. Ал Назарбаев Путиннің әрекетімен салыстырғанда ұтымды қадам жасады деп ойлаймын, — дейді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Қазақстанда ендігі билікке келетін саясаткерлер Назарбаев құрған кадрлық жүйеден бірден сытылып шығып кете алмайды. «Уақытша президент қызметін атқаратын Қасым-Жомарт Тоқаев та сол қатардағы кадр» дейді саясаттанушы.

azattyq.org