KZNews.kz
Қаржы

Жүз мыңдаған қазақстандықтың көлік және тұрғын үй салығы бойынша қарызы бар: шоттары бұғаттала ма?

Жарқын Омаров
Фото: av.by

Қазақстанда салық төлеуден қарызы бар азаматтардың саны 800 мыңнан асып отыр. Берешектің негізгі бөлігі 15 млрд теңге, оның 90%-ы көлік салығына тиесілі, деп хабарлайды kznews.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 1 желтоқсандағы дерек бойынша 827 мың жеке тұлға мүлік және көлік салығын төлемей отырғанын айтты. Жалпы қарыз көлемі 23 млрд теңге. Соның 15 млрд теңгесі негізгі берешек, қалған 8,2 млрд теңге өсімпұл.

Берешектің басым бөлігі, шамамен 13,5 млрд теңге, көлік салығынан жинақталған. Вице-министрдің айтуынша, жеке тұлғаларға қатысты шектен тыс қатаң шаралар қолдану жоспарда жоқ.

«Жеке тұлғаларға қатаң бақылау жүргізу, шоттарды бұғаттау сияқты тетіктерді қолдану ойымызда жоқ. Біздің басты назар – бизнес субъектілерін бақылауда», - деді Ержан Біржанов.

Сонымен қатар ол салық органдары жеке тұлғаларды көбіне кәсіпкерлер мен компанияларға қатысты тексерістер барысында анықтайтынын атап өтті. Мысалы, дүкен бір адамның атына тіркелгенімен, төлемдердің басқа адамның есепшотына түсетін жағдайлар жиі кездеседі.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары