Құрылтайда журналистердің депутаттармен жұмыс тәртібі өзгереді. Бұл туралы Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қалиянбеков мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Брифингтер тұрақты түрде өткізіліп, олардың тақырыбы мен қатысушылары алдын ала хабарланады. Баспасөз орталығында журналистерге қажетті жағдай жасалған: Wi-Fi, жұмыс орындары және ілеспе аударма қарастырылған.
«Біздің мақсатымыз – Құрылтайда қаралатын заң жобаларының мәнін қоғамға барынша түсінікті әрі толық жеткізу, әрбір құқықтық жаңашылдықтың маңызын ашып көрсету және қабылданатын шешімдердің азаматтардың өміріне қалай әсер ететінін түсіндіру», – деді Болат Қалиянбеков.
Оның айтуынша, журналистердің күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақтары болса, Құрылтайдың немесе саяси партиялардың баспасөз қызметіне жүгіне алады. Олар депутатпен жедел сұхбат ұйымдастыруға көмектеседі.
«Кейбір БАҚ өкілдері бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде пайдаланып үлгерді және баспасөз қызметі тарапынан оларға қажетті барлық қолдау көрсетілді», – деді ол.
Қалиянбеков жаңа тәртіптің Қазақстан заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына сәйкес келетінін атап өтті. Сонымен қатар Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан болғандықтан, онда өткізу және нысанішілік режим талаптары қолданылады.
«Біз халықаралық тәжірибені де зерделедік. Ұсынылып отырған тәсіл қалыптасқан әлемдік тәжірибеге толық сәйкес келеді. Әлемнің жетекші парламенттерінде БАҚ өкілдерінің депутаттардан сұхбат алуы, тікелей қосылымдар мен түсірілімдер жүргізуі арнайы белгіленген алаңдарда ұйымдастырылады», – деп атап өтті Құрылтай аппараты басшысының орынбасары.