Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры тәуелсіз журналист Динара Егеубаеваға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Ішкі істер министрлігі мен прокуратураны істі ашық әрі әділ тергеуге, сондай-ақ журналистке қарсы ұйымдастырылған жалған ақпарат тарату деректеріне құқықтық баға беруге шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қордың мәлімдеуінше, жол-көлік оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде Егеубаеваға қарсы ауқымды ақпараттық шабуыл басталған. Ұйымның айтуынша, оқиғаға қатысты бейнежазбалар болғанына қарамастан, желіде велосипедшінің «қаза тапқаны», кейін «ауыр жарақат алғаны» туралы расталмаған ақпарат тараған. Сондай-ақ журналистің жақындарына жүздеген агрессивті хабарлама жіберілген.
«Әділ сөз» қорының мәліметінше, бейнебақылау камераларындағы жазбаларда қарсы жолақта келе жатқан велосипедшінің Егеубаеваның көлігіне соғылар алдында жылдамдығын төмендетпегені көрінеді. Қордың айтуынша, зардап шеккен азаматтың денсаулығында сүйек сынуы тіркелмеген, тек жабық бас-ми жарақаты анықталған. Сонымен қатар оның ақылы бір орындық палатаға жатқызылғаны айтылып, журналист мұны медициналық шығын көлемін қолдан ұлғайту әрекеті болуы мүмкін деп санайды.
Бұдан бөлек, қор Динара Егеубаеваға қарсы ақпараттық шабуыл оның әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталуымен, YouTube-арнасына шағымдардың көбеюімен және жасанды интеллект арқылы оның бет-бейнесі мен дауысын пайдаланып жасалған жалған арнаның пайда болуымен тұспа-тұс келгенін мәлімдеді.
Құқық қорғаушылар мұны журналистің 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларын, Украинадағы соғысты және Қазақстанның ішкі саясатын жариялап жүргені үшін бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан қысымның жалғасы деп бағалайды. Қордың пікірінше, бот-фермалар, дипфейктер мен өзге де тәсілдердің қолданылуы тәуелсіз журналистің үнін өшіруге бағытталған ұйымдасқан әрекеттің белгісі болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Динара Егеубаева велосипедшінің арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі бойынша өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және елден шығуына тыйым салынғанын хабарлаған болатын. Журналист істің қолдан ұйымдастырылғанына сенімді екенін айтып, адвокатымен бірге бейнежазбаларды іс материалдарына қосуды, тәуелсіз сараптама жүргізуді және полиция әрекетіне құқықтық баға беруді талап ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл жағдай туралы халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен ЕҚЫҰ өкілдері хабардар етілген.