Әлеуметтік желіде 17 жыл құлдықта болған апалы-сіңілілердің бірі Құндыздың аяқ-қолы байлаулы күйде жерде қимылсыз жатқан суреті тарап, қоғам назарын тағы да осы іске аудартты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін журналист Руслан Өтепбай Таразға барып, зерттеу жүргізе бастаған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Журналист Назгүл мен Құндыз тұрған үйге арнайы барып, Құндыздың өзінен кім байлағанын сұраған. Айтуынша, Құндыз бұл әрекетті өзінің қамқоршысы Зүлфия ханым жасағанын растаған.
Руслан Өтепбай келген сәтте Құндыздың қорқып, жылап қалғаны да байқалады. Оқиға орнында журналист полиция қызметкеріне жағдайдың ауыр екенін айтып, күмәнді жайттарға назар аудартқан.
«Журналист ретінде қинау бабын көріп тұрмын. Қол-аяғы тұсауланып, скотчталған. Егер ауа жетпей өліп кетсе не болады?», – деді ол.
Ал қыздардың қорғаушысы ретінде аталған Зүлфия Төленова өз жауабын берген.
«Оның мінезін білмейсің, Руслан! Осылар келгелі миыма да, өзіме де тыныштық болмады», – деді қыздардың қорғаушысы Зүлфия Төленова.
Құндыз байлаулы күйде ұзақ жатқанын, денесінің ауырғанын айтқан. Журналист өз жазбасында бұл жайтқа байланысты құқықтық бағалау беріліп, іс қозғалғанын жеткізді.
«Егер Зүлфия Төленова Құндызды байламаса, Құндыз жала жаппайды ғой. Мен өз басым Құндызға сенемін. Аталған дерек бойынша Зүлфия Төленованың үстінен қылмыстық іс көтерілді!», – деп жазды журналист.
Оқиға желіде қызу талқыланып, көпшілік те пікір қалдырған. Әлеуметтік желі қолданушыларының жазбаларында: «Өтірік сөйлеп тұр мына әйел», «Алып кетсеңізші, обал болды ғой екі қызға», «Қатты қорқып қалыпты ғой, жерге кірейін деп шошып отыр ғой, сұмдық қой мынау», «Бейшара қыз тозып кетіпті ғой» деген сөздер кездеседі.
Әлеуметтік желіде 17 жыл құлдықта өмір сүрген Құндыздың журналист Руслан Өтепбайға қатысты бейәдеп сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткен видеосы тарап, көпшіліктің жағасын ұстатты.