Қазақстан эстрадасындағы танымал жұп Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекованың отбасында үлкен қуаныштың жақындап қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жағымды жаңалықты әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында өзі бөлісті. Ол болашақ құдаларымен алғаш рет кездескен сәттен видео жариялап, «Болашақ құдаларымызды шайға шақырып, танысып отырмыз» деп жазды.
Бұл жазба жұлдызды жұптың жалғыз ұлы Қазыбектің үйленуге дайындалып жатқанын аңғартады. Әзірге ресми мәлімет берілмегенімен, желі қолданушылары бұл кездесуді алдағы тойдың бастамасы деп бағалауда.
Дегенмен, Жанболат пен Жазира болашақ келіннің кім екенін және құдалардың қай жақтан екенін нақтыламаған. Жарияланған видеода негізінен өнер саласындағы әріптестері мен жақын достары көрінеді. Сондықтан жаңа құдаларды көпшілік арасынан бірден ажырату оңайға соқпаған.
Желі қолданушылары бұл жаңалықты жылы қабылдап, танымал отбасыға құттықтауларын жаудырып жатыр. Көпшілік жұлдызды жұптың шаңырағында жақын арада үлкен той өтеді деп үміттенуде.