Танымал өнер иелері Жанболат пен Жазира ұлдарының өмірлік серігін таңдағанын көпшілікке ерекше форматта – бейнебаян арқылы таныстырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қуанышты жаңалықты Жазира Жаппарқұлованың өзі әлеуметтік желіде бөлісіп, әсерлі жазба қалдырды. Өнер иесі жаңа бейнебаяннан үзінді жариялап, оқырмандарына жылы лебізін білдірді.
«Ал, сүйінші! Келініміздің жүзін бейнебаянда көрсету – біз үшін ерекше әсер сыйлады. Жандос Қаржаубайдың орындауындағы, Бақыт Қалибектің сөзіне жазылған “Бауырсағы балдай қыз” әні “Әгугәй” ансамблімен бірге түсірілген бейнебаянымен көрерменге жол тартты. Жаңа туындыны тамашалап, жақсы көңіл-күймен қабыл алыңыздар», – деп жазды Жазира.
Жаңа бейнебаян көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, желі қолданушылары Жазираның келіні енесіне қатты ұқсайтынын жарыса жазып, жас жұпқа ақ тілектерін арнады.
«Жастар бақытты болсын», «Ұлыңа жұғысты, ибалы келін болсын», «Жазираның өзінен аумайды екен», «Құтты келін болсын!» деген сынды жылы пікірлер әлеуметтік желіде жиі кездеседі.