АҚШ-тың Денвер халықаралық әуежайында жантүршігерлік оқиға болды. Frontier Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы ұшу кезінде әуежай жолағында жүрген адамды қағып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға 8 мамыр күні кешкі уақытта болған. Лос-Анджелеске бағыт алған Airbus A321 ұшағы екпін алып келе жатқан сәтте ұшу жолағында жүрген адамды басып өткен.
Америкалық БАҚ мәліметінше, соққы салдарынан адам оқиға орнында қаза тапқан. Сондай-ақ дене бөлігінің ұшақ қозғалтқышына түсіп кеткені, кейін қысқа уақытқа өрт шыққаны айтылды.
Өрт сөндірушілер жалынды тез арада ауыздықтаған. Ұшақ бортында 224 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған. Оқиғадан кейін ұшқыштар ұшуды тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Кейін желіде экипаж бен диспетчер арасындағы әңгіме жазбасы тарады.
"Диспетчер, Frontier 4345. Біз ұшу жолағында тоқтап тұрмыз… Біз біреуді қағып кеттік… қозғалтқышта өрт шықты", – деген ұшқыштың дауысы жазбада естіледі.
Одан кейін экипаж командирі ұшақ ішінде түтін пайда болғанын айтып, жедел эвакуация қажет екенін хабарлаған.
Жолаушылар үрлемелі траптар арқылы тікелей ұшу жолағына түсіріліп, кейін арнайы автобустармен терминалға жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір жолаушы жеңіл жарақат алған. Борттағы барлық адам медициналық тексеруден өткен.
Frontier Airlines компаниясы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін әуежай және қауіпсіздік қызметтерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Қазір Денвер полициясы мен АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар әуежай қызметкерлері адамның ұшу жолағына қалай кіріп кеткенін анықтау үшін қоршауларды тексеруде.