Танымал жазушы Дулат Исабековтің сирек кездесетін сұхбаттарының бірі желіде тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Abai TV" арнасына берген сұхбатында Дулат Исабеков актер Асанәлі Әшімов туралы керемет естелікті жеткізген.
"Біз 10 шақты жігіт бір жерде бас қосып қалдық. 80-нен асқан жігіттерміз ғой. Асанәлінің өзі 80-нен асқан. Сондағы айтқан сөзі ғой: "Әй, жігіттер, баяғы заман жоқ. Айында, жылында кездесеміз бе, Құдай білсін?! Сол екі арада талай замандасымыз кетіп қалып жатыр. Бара алмаймыз. Сондықтан осы жерде біреулерің қайтыс боп кетсеңдер, иманды болыңдар", – деп тост көтереді ғой. Соны бата қыламыз бәріміз. Рас қой, бір жағынан", – деді Дулат Исабеков.
Дулат Исабеков – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері. Ол Түркістан облысы Арыс ауданындағы "Ленин жолы" ауылында дүниеге келген.
1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан телерадиосында, Қазақ Совет энциклопедиясында, "Жұлдыз" журналында, "Жалын" баспасында, Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында, "Жазушы" баспасында және Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарды. 1997 жылдан бастап Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтын басқарды.
Дулат Исабеков драматургия мен прозада өнімді еңбек етіп, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосты. Ол 2025 жылғы 21 ақпанда Алматы қаласында өмірден өтті.