Қайғылы оқиға 22 маусым күні орын алған. Тергеу нұсқасы бойынша, марқұмның күйеуі оны арқанмен байлап, жылқыға таңып сүйреткен. Ауыр дене жарақатын алған әйелді ер адам алдымен ата-анасының үйіне апарған, артынша ауруханаға жеткізген. Алайда көрсетілген медициналық көмек тым кеш болғандықтан, дәрігерлер Айзаттың өмірін сақтап қала алмады.
Оқиға ел ішінде үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Марқұмның туыстары бұл жағдайға қатысты әділ тергеу жүргізуді талап етіп, журналистерден көмек сұраған.
«Айзат Жұманова 22 маусымда көз жұмды. Оқиға орнына барып, марқұмның ата-анасымен жүздестім. Олар әділдік іздеп шырылдап жүр. Айзаттың өліміне күйеуінің қатыгез әрекеті себеп болды деп отыр. Бұл істі жан-жақты зерттеу үшін арнайы келдім. Егер үлгерсем, бүгін кешке YouTube-арнама толық репортаж жариялаймын», — деп жазды Руслан Өтепбай.
Журналист марқұмның қайын атасы Қайраттан да сұхбат алған. Ол Айзаттың өліміне қатысты нақты мәліметтерден бейхабар екенін айтқан:
«Айзатты сол күні көрмедім. Әйелім екеуімен бірге кеткен. Қыздың қорылдап жатқанын айтты. Кикілжің болғаны анық. Бірақ ондай жағдай біржақты болмайды ғой. Маған келін болып түспей тұрып не болғанын білмеймін...», — деді ол.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар бұл іске жіті назар аударып, әділ шешім шығуын талап етуде.