Татьяна Савельева Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жойылмайтын жемқорлық: қыркүйекте 3,7 млрд теңге залал анықталды

Жойылмайтын жемқорлық: қыркүйекте 3,7 млрд теңге залал анықталды
Фото: ашық дереккөздерден

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрестің қарқынды жүріп жатқанына қарамастан, оның ауқымы әлі де азаймай тұр. Мәселен, өткен қыркүйек айында ғана 106 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеліпті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәліметінше, өткен айда қылмыстық істер бойынша 93 адам күдікті деп танылған. Бұл көрсеткіштің өзі сыбайлас жемқорлықтың жекелеген оқиғалармен шектелмейтінін көрсетеді.

ҰҚК дерегіне сәйкес, анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі пара алу, ұрлық, алаяқтық, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану және асыра пайдалану фактілеріне қатысты болып отыр. 

Құқық қорғау органдары қыркүйекте 81 қылмыстық істің тергеуін аяқтаған. Оның ішінде 78 іс сотқа жолданған. Яғни, аяқталған істердің басым бөлігі бойынша соңғы құқықтық бағаны енді сот береді.

Жалпы, бұл жерде назар аударатын бір көрсеткіш бар. Яғни, жемқорлық істері бойынша анықталған залал көлемі де өсіп отыр. ҰҚК мәліметінше, аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке 3,7 млрд теңге залал келген. Және бұл 3,7 млрд теңге тек қыркүйекте тіркелген 106 құқық бұзушылықтың барлығына қатысты жалпы сома емес, тергеуі аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал көлемі ғана екен.

Сондықтан бұл көрсеткішті сыбайлас жемқорлықтан мемлекетке немесе азаматтарға келген нақты жалпы шығын деп қабылдауға болмайды. Бірқатар іс әлі тергеліп жатыр, ал сот үкімдері шыққанға дейін күдіктілердің кінәсі заң бойынша дәлелденген деп есептелмейді.

Соған қарамастан, бір айдың қорытындысы жемқорлықпен күрестің құқық қорғау органдары үшін әлі де маңызды бағыт болып отырғанын көрсетеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.