Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлайды kznews.kz
"Шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыру қарқынының қанағаттанарлықсыз болуына, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты қабылданды", – делінген хабарламада.
Қайрат Мақсұтов 1970 жылы дүниеге келген. 1991 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды кооператив институтын "экономист-ревизор" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, еңбек жолын 1991 жылы Қарағанды облыстық тұтынушылар одағында ревизор болып бастаған. Кейін банк саласында, Жайрем-Атасуй арнайы экономикалық аймағында және Қаражал қаласы әкімінің орынбасары қызметінде жұмыс істеген.
2004-2009 жылдары "Гефест" тау-кен холдингінде экономика және қаржы жөніндегі вице-президент болған.
2009 жылы "Самұрық-Энергоға" ауысып, қаржы және экономика жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Кейін компанияда түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.
2023 жылғы маусымда "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған.
Еске салайық, 2026 жылғы шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылығына бірқатар ірі энергетикалық нысанды уақытында пайдалануға беруге қатысты жеке жауапкершілікті ескерткен болатын.
Ол кезде Алматыдағы жылу электр орталықтары (ЖЭО) мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы сөз болған. Олжас Бектенов ЖЭО-3 бойынша жұмыстардың баяу жүріп жатқанын атап өткен еді.