Соның кесірінен елде жайылым, егістік алқаптарының тапшылығы пайда болды. Қарапайым логикага салсақ, олигархтар мен латуфундистер армиясынан бөлек, қолы жеткендер мен тамыр-танысы барлардың бәрі гектарлап жер алып, жекешелендіріп үлгергені байқалады. Қуаныштысы, кейінгі үш-төрт жылдың көлемінде бұл жабайы үрдіске тоқтау салынып, әсіресе ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын алқаптарға қадағалау күшейді. Соның нәтижесінде қурай басқан жер учаскелері мемлекет иелігіне қайтарылып жатыр.
Жалпы, заңсыз жекешелендірілген немесе кәдеге жаратылмаған жер учаскелерін қайтару екі жолмен жүзеге асуда. Қадағалау органдарының түсіндіру жұмыстарынан кейін әйтеуір бір қажеті болар деп жекешелендіріп алған жер учаскелерін өз еркімен кері қайтарғандардың саны көбейген. Екінші тарапта заң аясында істелген жұмыстар тұр. Жер учаскелерін сот арқылы қайтару ісінде жергілікті әкімдер өнімді жұмыс жасады деуге болады. Әсіресе, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырған облыстарда бұл іс қарқынды.
Дерекке жүгінсек, өткен 3 жыл аралығында пайдаланылмаған және заңсыз үлестірілген 12 млн гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылыпты. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті белсенділік танытып отырғанын айтуымыз керек. Біраз уақыт бұрын осы комитеттің төрағасы Мұрат Теміржанов биыл тағы 2 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделіп отырғанын айтқан болатын. Жыл соңына дейін аяқталатын жұмыс бірқатар өңірде жайылым тапшылығы шешуге тиіс. Яғни, биыл қайтарылған жердің 2 млн гектары жайылым ретінде пайдалануға беріледі екен.
Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу мен оны нақты іспен айналысатын шаруаларға қайта үлестіру ісінде де бірізділік байқалады. Мәліметтерге сай, осы мақсатта 3 млн гектар жер конкурс негізінде мұқтаж шаруаларға берілген. Сондай-ақ, топырағы тозған алқап пен танапты қорғау мен қалпына келтіру бағытында да қозғалыс бар. Мәселен, қазір ел бойынша 29 млн гектар жер деградацияға ұшыраған көрінеді.
Айтпақшы, өткен кезеңде мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. 2023 жылы ғана бұл аймақта 527,6 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жер қайтарылған. Ал 2024 жылы Түркістан облысы аумағынан 70,9 мың гектар жер мемлекет иелігіне өтіпті. Биыл да жер қайтару жұмысы нәтижелі. Дерекке сүйенсек, жыл басынан бері
Абай облысында 42 мың гектар, Жамбыл облысында 11,7 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысы 64,2 мың гектар, Солтүстік Қазақстан облысында 33,2 мың гектар жер қазына есебіне алынғаны айтылады.
Жер қатынастары бағытында Алматы облысында да жүйелі жұмыс бар. Аймақта жыл басынан бері жалпы көлемі 86,5 мың гектарды құрайтын 288 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 11,7 мың гектар жер сот шешімімен, яғни, жалға алу шарттарын бұзу арқылы алынса, 74,8 мың гектар жер пайдаланушылармен арадағы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде ерікті түрде қайтарылды.
Қазір қайтарылған жерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде дейді облыс әкімдігі таратқан мәліметте. Атап айтқанда, 28,8 мың гектар жер конкурс арқылы жаңа пайдаланушыларға берілсе, 6,7 мың гектар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталатын болады.
– Әрбір гектар жердің тиімді пайдаланылуы – өңірдің дамуы үшін аса маңызды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару арқылы біз инвесторларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік аламыз – дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Қалмаханбет Мұқаметқали.