Бір қызығы, күдікке ілінгендер мен сотталғандардың арасында Кеңес одағында атқа мінген ескі кадрлар ғана емес, тәуелсіз Қазақстанда қалыптасқан, жоғары білім алған, халықаралық компанияларда тәжірибе жинаған жас менеджерлер де бар. Мысалы, өткен қарашада "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" компаниясының басшысы Елжас Отыншиев және "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталуы бұл тақырыптың шыңы деуге болады. Ұсталған үш күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әлбетте, ұсталу фактісі адамның кінәлі екенін білдірмейді, түпкілікті шешім сот арқылы анықталатын болғандықтан бұл жайында қандай да бір болжам жасаудан аулақпыз.
Бізді күдікті ретінде қамалған бұл басшылардың жас ерекшелігі мен білімі және кәсіби қалыптасуы жолдары қызықтырады. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 1978 жылы туған. Ол халықаралық қаржы және инвестиция саласында тәжірибе жинаған, экономика ғылымдарының кандидаты. Ал 1987 жылы туған Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтын тәмамдап, консалтинг пен инвестициялық басқару саласында қызмет атқарған. Одан кейінгі, 1986 жылы туған Қуаныш Омарбеков қаржы, құқық, менеджмент және өндірістік-техникалық бағыттар бойынша білім алған көрінеді.
Бір қарағанда, олардың өмірбаяны қазіргі корпоративтік басқару талаптарына сай мамандардың портретін көрсетеді. Жоғары білім, шетелдік тәжірибе, кәсіби мансап... мұның бәрі тиімді басқарудың алғышарты болуға тиіс-тін. Бірақ, мұндай биік көрсеткіштердің өзі жемқорлық тәуекелін жоя алмайтыны соңғы оқиғалардан анық байқалады. Демек, диплом мен халықаралық тәжірибе адамның заңға деген құрметіне автоматты түрде кепіл болмайды екен.
Рас, бұл ретте мәселені жеке тұлғалардың әрекетімен ғана шектеу дұрыс емес сияқты. Егер ұлттық компанияларда шешім қабылдау ашық болмаса, сатып алулар мен қаржы операцияларына бақылау әлсіз болса, басшылардың жауапкершілігі формалды сипат алса, кәсіби біліктіліктің өзі жүйелік тәуекелді азайта алмайтыны анықталып отыр.
Әрине, бұл оқиғалар еліміздің ішкі және сыртқы саясаттағы имиджіне үлкен соққы болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 - қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ұлттық компаниялардағы жемқорлық жағдайын "аса күрделі" деп бағалады. Мемлекет басшысының мәліметінше, 2023–2025 жылдары 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы анықталған. Оның ішіндегі 165 істі мемлекеттік қызметшілер жасаған. Ал осы жылдың алғашқы он айында 751 құқық бұзушылық тіркеліп, 546 жағдайға мемлекеттік қызметшілердің қатысы бары анықталыпты.
Яғни, Президенттің сыны мемлекеттік сектордағы бақылау мен жауапкершілік мәселесін қайта көтерді. Өте орынды. Бірақ, қоғам үшін маңыздысы қатал мәлімдемелердің өзі емес, одан кейінгі нақты өзгерістер екенін де ұмытпауымыз керек.
Енді Ұлттық компанияларда бақылау тетіктері күшейтіліп, кадр тағайындау жүйесі өзгереді деген сенім бар. Бұл өз кезегінде жемқорлық тәуекелінің алдын алуға қатысты кешенді шараларды қабылдауға жол ашуға тиіс. Әрине, нәтижесін уақыт көрсетеді.
Жалпы, жемқорлықты белгілі бір буынның немесе ескі кадрлардың кеселі деп қарастыру да жаңсақ болар еді. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес хронологиясына қарасақ, 1960-жылдары туған кадрлар да, 1970-жылдары туғандар да, 1980-жылдары туған жаңа менеджерлер де құқықтық дауларға немесе тергеулерге ілінген. Күні кеше ұсталған 39 жастағы менеджер де, 48 жастағы басшы да бұған мысал. Ал бұл жемқорлықтың жас талғамайтынын көрсетеді. Бірақ, мұны ескі мен жаңа буынның бәріне тән құбылыс деп жалпылама айтуға да болмас. Негізгі мәселе билік пен қаржыға қол жеткізген адамның әрекетін бақылайтын, заң бұзушылықтың алдын алатын жүйенің тиімділігінде тұрғаны анық.
Яғни, жемқорлықтың тамыры адамның жасында да, дипломында да емес екен. Сыбайластық дерті билік пен қаржыға бақылау әлсіреген, жауапкершілік формалды сипат алған, лауазым иесі өзін жүйеден жоғары сезінетін ортада өркендейтіні анық.
Екіншіден, жас менеджерлердің жемқорлық күдігіне ілінуі елімізде кадр ауыстырудың өздігінен мәселені шешпейтінін көрсеткендей. Жаңа кадр, жаңа диплом, жаңа басқару тәсілі қажет болғанымен, ол талаптар адалдық, ашықтық және қоғам алдындағы жауапкершілікпен ұштаспаса, жүйені өзгерте алмайтыны тағы да дәлелденіп отырған жоқ па. Яғни, жемқорлықпен күрес кадр ауыстырумен емес, тәуелсіз аудит, ашық сатып алу, мүдделер қақтығысын болдырмау және лауазымдық жауапкершілікті күшейту арқылы нәтижелі болуға тиіс.
Қысқасы, "Жемқорлық жас талғамайды" деген тақырып бүгінгі жағдайда өте өзекті болып тұр. Әлбетте, бұдан "жас кадрлар да жемқор" деген жалпылама қорытынды жасауға болмайды. Керісінше, бұл жеке тұлғаның жасына қарамастан, оның әрекетін бақылап, шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін жүйе қажет екенін аңғартады.