2025 жылдың 28 тамызынан 10 қыркүйегіне дейін DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін қабылдау» тақырыбында зерттеу жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесе жүзеге асырды.
Қазақстан армиясының әлеуеті қандай?
Global Firepower халықаралық рейтингінде Қазақстанның қарулы күштері Орталық Азия елдері ішінде бірінші орында тұр. 145 мемлекеттің ішінде еліміз 57-орынға жайғасқан. Өзбекстан – 58, Түркіменстан – 77, Қырғызстан – 105, Тәжікстан – 108-орында.
Сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 66,9%-і әскеріміз сыртқы қауіпке төтеп бере алады деп санайды. Олардың 31,9%-і «толық сенеміз» десе, 35%-і «айтарлықтай сенеміз» деген. Дегенмен, 26,2%-і күмән келтіреді: 15,8%-і «қорғай алмауы мүмкін», 10,4%-і «мүлде қорғай алмайды» деп есептейді.
Әскердің ішкі дерті алаңдатады
Респонденттер армиядағы үш басты түйткілді атады:
Жарғыға қайшы әрекет пен әлімжеттік (37,8%)
Жемқорлық (34,9%)
Материалдық-техникалық базаның әлсіздігі (30,9%)
Бұл мәселелер халықтың әскерге деген сенімін шайқалтып отыр. Әсіресе, жастар арасында алаңдаушылық басым: 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 40,6%-і әлімжеттік пен зорлықтан қауіптенетінін айтты.
Жақынын әскерге жіберуге дайын ба?
«Жақыныңыз (ұлы немесе бауыры) әскерге шақырылса не істейсіз?» деген сұраққа әртүрлі жауап берілді:
40% – әскерге баруын толық қолдайды.
21,9% – қолдаймын, бірақ қатты уайымдаймын.
6,5% – бармаудың заңды жолын іздеуге көмектесемін.
2,9% – басқа амалдарды қарастырамын.
23,5% – «шешімді өзі қабылдасын» деп бейтарап қараған.
Бұл жауаптар халықтың армияға сеніммен қатар күдігі де бар екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда аралас жүйе бар: шақырту және келісімшарт. Сауалнамаға қатысушылардың 36,6%-і толық келісімшартқа көшуді қолдаса, 36,5%-і шақыруды сақтаған дұрыс дейді. 17%-і қазіргі жүйені қалдыруды құп көреді.
Кіммен одақта болу керек?
Қазақстанның әскери серіктестігі туралы сұраққа мынадай жауап берілді:
Ресей және ҰҚШҰ – 29,3%
НАТО елдері (АҚШ, Түркия) – 27,5%
Қытай және ШЫҰ – 22,6%
Орталық Азия елдері – 20%
Әскери одақтардан алыс болу – 18,4%
Барлық түйткілге қарамастан, 61,7%-і Қазақстан әскеріне сенеді. Сенбейтіндер – 13%, бейтараптар – 22,3%.
Алайда «әскерді беделді мамандық» деп санайтындар басым – 69,9%. Бұл көрсеткіш қоғамның Қарулы күштерден үмітін үзбегенін аңғартады.
DEMOSCOPE зерттеуі қазақстандықтардың көзқарасында қарама-қайшылық бар екенін көрсетті. Халық армияның сыртқы қауіпке қарсы тұра алатынына сенгенімен, ішкі тәртіпсіздік, әлімжеттік пен жемқорлыққа қатты алаңдайды.
Қоғамдық дискуссия бір нәрсені анық байқатты: Қазақстан әскерінің ең үлкен жауы – сыртқы қауіп емес, ішкі дерт.