Әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру реформасы аясында жәрдемақының 36 түрінің 14-іне өзгеріс енгізіледі. Қалған 22 түрі бойынша төлем тәртібі өзгермейді. Үкіметтің мәлімдеуінше, көмекке мұқтаж азаматтар бұрынғыдай мемлекеттік қолдау ала береді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен әкімдіктер әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызылған отбасылардың жағдайын қайта тексеріп жатыр. Мақсат – олардың нақты тұрмыс деңгейін анықтап, әлеуметтік санатын дұрыс белгілеу. Министрлік жанындағы жұмыс тобы өңірлерді аралап, азаматтарға реформаға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Министрліктің мәліметінше, SMS-хабарлама алғаннан кейін 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақыдан бас тартатынын мәлімдеген. Осыған байланысты eGov Mobile қосымшасында жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа сервис әзірленіп жатыр. Ол іске қосылған соң азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, төлем алудан онлайн бас тарта алады.
Сонымен қатар Премьер-министр отбасылардың әл-ауқатын есептейтін калькуляторды пайдалануға ыңғайлы етуді тапсырды. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің деректерін «Отбасының цифрлық картасы» жүйесіне қосу жұмысын жеделдету міндеттелді.