Дау Зарина Карменнің Threads желісіндегі қысқа жазбасынан басталды. “Threads-те жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр”, – деп жазды актриса.
Танымал актриса Зарина Карменнің патриотизм туралы пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Өнер иесінің бір ауыз сөзі желі қолданушыларының наразылығын тудырып, тіпті кейбірі оған бойкот жариялауға көшті, деп хабарлайды kznews.kz
Оның бұл пікірі көпшіліктің көңілінен шықпады. Әсіресе мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды қорғап жүрген желі қолданушылары актрисаның сөзін өздеріне бағытталған сын ретінде қабылдаған.
Кейбірі оның бұған дейінгі шығармашылығын тілге тиек етіп, өзгелердің отаншылдығына баға беруге қаншалық құқылы екенін сұраған.
“Актриса ретінде сыйлап, жетістігіне қуанатын едім. Соңғы жазбасы ұят болды. Тредстегі халықты менсінбей, не болса соған шулайды деп ойлайтын сияқтысыз. Осы желіде сіз менсінбеген адамдардың жазбаларынан қаншама мәселе көтеріліп, өз шешімін тапты. Сіздер шынайы патриотизммен не бітірдіңіздер?” – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір қолданушы әнші, актер және өзге де танымал тұлғаларды әлеуметтік желідегі қарапайым жұрттың пікіріне құрметпен қарауға шақырды.
“Әнші, актер, режиссер және басқалар, Threads жұртына тәкаппарлықпен қарауды қойыңыздар. Ертең әділетсіздікке ұрынсаңыздар, осы жұрт сіздерді ақтап алады, резонанс жасауға көмектеседі”, – делінген пікірде.
Дегенмен Зарина Карменді жақтағандар да табылды. Олардың айтуынша, желіде елдік мәселелерді көтеріп, ұрандататындардың бәрі бірдей шынайы өмірде сол ұстанымына сай әрекет ете бермейді.
“Зарина дұрыс айтып тұр емес пе? Интернетте жалған батыр болмаңдаршы. Шынайы өмірде осы батырлықты көрсете бермейміз”, “Көп адам қазақша жазайық, қазақша атайық дейді. Бірақ жазбаларының тең жартысы орысша сөздер. Үйлеріңде “мама, папа” деп жүрсіңдер ғой. Әлде өтірік пе?”, – деп жазды ол.
Қызу пікірталас мұнымен тоқтаған жоқ. Кейбір қолданушылар актриса түскен фильмдерді көрмейтінін айтып, оған бойкот жариялауға шақырды.
Желіде сын күшейген соң Зарина Кармен алғашқы жазбасын өшіріп, не айтқысы келгенін түсіндірді. Оның сөзінше, бұл пікір шын мәнінде елдің мәселесіне алаңдап жүрген азаматтарға емес, қоғамдық тақырыптарды жеке танымалдылығын арттыру үшін пайдаланатын адамдарға арналған.
“Қандай ауыр сөздер жазасыздар… Адамдық қайда қалды сонда? Мен қайсыбіріңізге тиіп, “сен, сен” деп нұсқап, біреуді жеке айыптадым ба? Менің айтқаным – осындай мәселелерді пайдаланып, түрлі жолмен охват жинап, қаралым қуатын адамдар туралы. Өйткені ондайды көрдім, оқыдым. Көргенімді, байқағанымды ғана айттым”, – деп түсіндірді актриса.
Сондай-ақ ол алғашқы жазбасында ойын тым жалпылама жеткізген болуы мүмкін екенін мойындады. Алайда бұл айтқысы келген пікірінің мәнін өзгертпейтінін жеткізді.
“Иә, мүмкін, ойымды жалпылама жеткізген шығармын. Оны да түсінемін. Бірақ бұл менің айтқым келген ойымды жоққа шығармайды ғой. Шынайы шырылдап жатқан, жақсы жаққа өзгеріске өз үлесін қосып жатқан жандарға сый-құрметім ерекше”, – деді өнер иесі.
Актриса өзімен келіспейтін адамдарды да пікір білдіру кезінде әдеп сақтауға шақырды.
“Біреуге ауыр сөз жазбас бұрын, өзіңізді сол адамның орнына қойып көріңіз. Экранның ар жағында да сезімі бар адам отыр. Келіспеуге болады, сынауға да болады, бірақ адамдық шекарадан аттап өтпейікші. Сөздің де сұрауы бар”, – деп түйіндеді Зарина Кармен.
Еске салайық, бұған дейін блогер Айгерім Бердалиева Eurasian Fashion Week аясында өзінің суреті бейнеленген билбордтың шыққанына қуанып, оны парақшасында бөліскен. Жазбада Достық көшесін Ленин деп атап, желі қолданушыларының сынына қалды.
Алайда блогер өзіне жазған жағымсыз пікірге ашумен үн қатты.
“Маған бәрібір – Ленин. Одан да асырып айтайын: маған бәрібір 2 – Фурманов! Ешқандай Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан деген атауларды қолданбаймын. Нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мира, Виноградов, Комсомольская деп айтады. Ал пікірлеріңде не жазсаңдар да өздерің біліңдер”, – деп жазған блогер.
Айгерім Бердалиеваның бұл жазбасы жағдайды одан әрі ушықтырды. Сөйтіп, кей қолданушылар Алматы полициясының парақшасын белгілеп, блогердің балағат сөздер қолданған жазбасына құқықтық баға беруді сұрады.
Ал кеше Алматы қаласының соты блогерге 60 550 теңге көлемінде айыппұл салды. Іс Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған.