Саясат

Жаһандық қауіп пен мүмкіндік: Тоқаевтың БҰҰ-дағы жасанды интеллект жайлы мәлімдемесі

Жаһандық қауіп пен мүмкіндік: Тоқаевтың БҰҰ-дағы жасанды интеллект жайлы мәлімдемесі
Фото: Ақорда

Президент ЖИ-ді тек технология емес, өркениеттік серпіліс ретінде бағалады. Бұл Қазақстанның жаһандық трендтерден қалыс қалмай, жаңа технологияны ел дамуына пайдалануға ниетті екенін көрсетті. Сондай-ақ оның дамуында технологиялық, экономикалық және геосаяси алшақтықтарды арттыру қаупі бар екенін атап өтті. ЖИ дамуы әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау қағидаларына негізделуі тиіс деді. Ел басшысы автоматтандыру көптеген елде жұмыс орындарын қысқартып, әлеуметтік мәселелер туғызуы мүмкін екенін де ескертті.

«Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады. Алайда жасанды интеллектіні дамытудың тәуекелдері де бар. Атап айтқанда, ол технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктердің күшеюіне әкеледі. Сондай-ақ этика нормалары бұл эволюцияның соңында қалып қоюына жол бермеуіміз керек.

Әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері жедел әрі нақты шешілуге тиіс. Бұл үшін әр ел ЖИ артықшылықтарын пайдалана алатындай ұжымдық күш-жігер қажет.

Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару бойынша жаһандық диалогтың басталуын қолдайды. ЖИ саласындағы қауіпсіздік, инклюзивтілік және адамға бағдарлану міндетті түрде ескерілуі үшін аталған платформа жұмысына белсенді түрде атсалысуға дайынбыз.

Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық секторына енгізіледі. Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың базалық инфрақұрылымы жасақталып жатыр. Дарынды жас мамандарымыз мұны іске асыруға әзір. Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жылдың ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды. Электрондық үкімет ұлттық даму стратегиямыздың негізгі элементі саналады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылады. Жуырда Қазақстанда ең қуатты ұлттық суперкомпьютер іске қосылды.

Дегенмен ЖИ мен автоматтандыру көптеген елде жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Сондықтан цифрлық прогресс кәсіптік білім берумен қатар жүргізілуі қажет. Қазақстан жұмыспен қамтуды арттырып қана қоймай, кәсіптік мамандықтардың мәртебесін көтеруді аса маңызды деп санайды», - деді Президент.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz