Жетісу облысында тәулік ішінде үшінші рет жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды kznews.kz.
"Ұлттық ғылыми сейсмологиялық зерттеулер орталығы" ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісі 13:23-те жер сілкінісін тіркеген.
Мәліметке сәйкес, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 267 шақырым жерде, Қазақстан аумағында орналасқан.
Есептік қарқындылығы Жетісу облысы Панфилов ауданы, Жаркент қаласында 2 балл болғаны анықталды.
ТЖМ мәліметінше, 112 нөміріне тұрғындардан ешқандай қоңырау түспеген.
Айта кетейік, бұл – соңғы бір тәулікте осы өңірде тіркелген үшінші жер сілкінісі. 31 наурызға қараған түні магнитудасы 4,4 болатын алғашқы дүмпу тіркелсе, екінші жер сілкінісі сағат 11:11-де Жаркенттен солтүстік-батысқа қарай 52 шақырым жерде болған. Кейін ТЖМ жер асты дүмпулерінің күшіне қатысты қосымша мәлімет жариялаған.