KZNews.kz
Қаржы

Жергілікті бюджеттің жиынтық үлесі: әкімдерді мақтауға әлі ерте

Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, биылғы бюджеттің орындалуына қатысты шолуымызды жалғастырамыз.

Бұған дейін республикалық қазынаға құйылған қаржыны сөз еткенбіз, ендігі кезек облыстардағы кіріс пен шығыста. 

Жалпы, жергілікті бюджет түсімдерінің жиналуы жыл басынан бері рекордтық көрсеткішке жеткен көрінеді. Мәселен, 1-ақпандағы есеп бойынша жергілікті бюджеттердің жиынтық кірісі 985,5 млрд теңгені құрап, жоспар 121,7 пайызға орындалған. Ал болжамдағы көрсеткіш 809,9 млрд теңге болатын.

Яғни, қаңтар айындағы міндетті салық төлемдері жоспардағыдан 32,1 пайызға артық жиналып, 599,1 млрд теңгеге жетті. Жоспарланған сома 453,4 млрд теңге шамасында еді. Оның ішінде жеке және корпоративтік табыс салығының көлемі 327,6 млрд теңгені құраған.

Атап айтқанда, шағын және орта бизнестен түскен корпоративті табыс салығы 90,3 млрд теңге, ал жеке табыс салығы 237,2 млрд теңгеге жеткен. Әлеуметтік салық төлемдері 152 млрд теңгені құраса, акциздерден 84,9 млрд теңге түскен. Мұнан бөлек салықтық емес түсімдердің табысы 26,5 млрд теңгені құрап, жоспарланған 2,6 млрд теңге шегінен айтарлықтай асып түскен.

Алайда, өңірлердегі жиынтық салық үлесінің артқанына қарап, жергілікті жердегі қаржы саясаты күрт жақсарды деуге болмайды. Әрине, жергілікті бюджетте профицит қалыптасқаны оң үрдіс. Бірақ, облыстардың қаражаты тек кірісті есептеуден тұрмайтыны белгілі.

Оның үстіне аймақтарға республикалық бюджеттен берілетін субвенцияның көлемі де қомақты деңгейде қалып отыр. Мысалы, ақпан айының есебінде республикалық бюджеттен 349,2 млрд теңге трансферт бөлініп, ол 100 пайызға орындалған. Бұл қаражаттың барлығы субвенциялар. Яғни, өткен айда нысаналы мақсатқа немесе ағымдағы дамуға трансферттер бөлінбеген.

Ал жергілікті бюджет шығыстары 581,4 млрд теңгені құрап, 88 пайыз деңгейінде болды. Осының нәтижесінде қаңтар айында 406,5 млрд теңге профицит қалыптасты. Ал тұтас қаржы жылы басындағы бюджет қоры 1,1 трлн теңгені құрады.

Дегенмен, қаржы сарапшылары қаңтар айындағы бюджет профициті үнемдеу мен қысқартудан немесе қосымша табыстан жиналған қаражаттың есебінен болмағанын айтуда. Бұл айлық есептегі кірістердің ерте түсуі мен шығыстардың кеш басталуының арасындағы уақытша алшақтықтың нәтижесі-мыс.

Екіншіден, даму бағытындағы нысаналы трансферттердің бөлінбеуі өңірлік жобалардың әлі іске қосылмағанын білдіреді. Демек, мәселе қаржының көлемінде емес, оны тиімді және нәтижелі игеруде болып отыр.

Қорыта айтқанда, жергілікті бюджеттің жиынтық үлесіне қарап жекелеген облыстардың әкімдерін мадақтауға әлі ерте. Өйткені, негізгі жүктеме алдағы айларда, бюджеттің шығыс бөлігі толық қарқынға шыққанда басталады. Сол кезде жергілікті бюджеттердің нақты тұрақтылығы мен әкімдердің басқару сапасы да айқындалады.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →