Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жаңа Конституция жобасындағы жаңашылдықтарға тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz.
"Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардың соттылығы жойылған немесе алынған болса да, олардың сайлану құқығына тыйым салуды маңызды жаңалықтардың бірі деп есептеймін", - деді ол.
Президенттің айтуынша, әділеттілік қағидаттарына тұрғын үйге қол сұғылмаушылық кепілдіктері де толық сәйкес келеді. Конституция жобасында ешкім адамды тұрғын үйінен тиісті сот шешімінсіз айыра алмайтыны немесе одан шығара алмайтыны анық жазылған.
Негізгі заңда бұрын-соңды болмаған жаңа баппен адвокатура институты бекітіледі, сондай-ақ «Миранда ережесі» деп аталатын қағида енгізіледі. Бұл мемлекет кепілдік беретін адамның сот арқылы қорғану және заң көмегін алу құқықтарын күшейтеді.
Конституциялық деңгейде жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын бекіту ұсынылады. Мұнда тек жеке салымдар мен хабарламалардың құпиясы ғана емес, басқа да мәселелер қамтылады.
Конституциялық қорғаумен банк операцияларының және жеке деректердің құпиясын қамтамасыз ету ұсынылады. Бұл цифрлық технологиялар мен қаржы секторының қарқынды дамуын ескерсек, аса өзекті.
Сонымен қатар, Қазақстан жеке деректер мен цифрлық құқықтарды қорғау кепілдіктерін Конституцияның ең жоғары деңгейінде бекітуді жоспарлап отыр.