Зейнетақының ең төменгі жеткілікті шегі өсетінін естіген жұрт желтоқсанда зейнетақы қорына жаппай өтінім берген
2025 жылы қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 221,4 млрд теңге алды. Бұл қаражаттың басым бөлігі жыл соңында, нақтырақ айтқанда желтоқсан айында шешіп алынған, деп хабарлайды kznews.kz.
Деректерді өңдеу орталығының мәліметіне сүйенсек, желтоқсанда тұрғын үй мақсатында 339,1 мың өтінім орындалған. Бұл қараша айымен салыстырғанда өтінім санының үш есеге, ал алынған қаражат көлемінің 2,8 есеге артқанын көрсетеді.
Желтоқсандағы басты бағыт – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі салымды одан әрі толықтыру болған. Осы мақсатта берілген өтінімдер саны бір айдың ішінде төрт есеге өсіп, 182 мыңға жетті. Ал бұл бағытта шешіп алынған қаражат көлемі 118,8 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ ел тұрғындары зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарыздарын өтеуге де кеңінен пайдаланған. Тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі аясындағы несие міндеттемелерін жабуға арналған өтінімдер саны да желтоқсанда айтарлықтай артқан.
Сарапшылар мұндай серпінді желтоқсан айында жарияланған маңызды жаңалықпен байланыстырады.
«Желтоқсанның алғашқы он күнінде 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегінің өсетіні белгілі болды. Ол 1 қаңтардан бастап орта есеппен 10 пайызға артты. Осыған байланысты салымшылар 2025 жылдың соңына дейін қаражатты бұрынғы талаптармен алып қалуға тырысты», — деп хабарлады Деректерді өңдеу орталығы.
Осылайша, жеткіліктілік шегінің өсуі туралы хабар зейнетақы қорынан қаражат алуға түрткі болып, жыл соңында өтінімдер легін күрт көбейтті. Ал 2026 жылдан бастап бұл мүмкіндікті пайдалану көпшілік үшін бұрынғыдан қиындай түсуі мүмкін.