Әлеумет

Зейнетақы жинағы: тағы бір тыйым енгізілді

Зейнетақы жинағы: тағы бір тыйым енгізілді
Ашық дереккөз

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану тәртібіне тағы бір шектеу енгізілді, деп хабарлайды kznews.kz.

Енді БЖЗҚ қаражатын реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларына жұмсауға өтінім қабылдау тоқтатылады.

Еnpf-otbasy.kz платформасында стоматологиялық және офтальмологиялық қызметтерге зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі жабылғаннан кейін, азаматтар жаңа мақсатты жаппай таңдай бастаған. Атап айтқанда, реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларына, оның ішінде операциядан кейінгі тыртықтарды түзету мен туа біткен ақауларды коррекциялауға сұраныс күрт артқан.

«Отбасы банк» келтірген мәліметке сәйкес, бұған дейін пластикалық операцияларға БЖЗҚ қаражатын пайдалану бойынша айына орта есеппен 16 өтінім ғана түсетін. Алайда қыркүйек айында стоматологияға өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін бұл көрсеткіш 123-ке жеткен. Қазан айында өтінімдер саны 1 844-ке, қарашада 3 878-ге дейін өскен.

Желтоқсан айының алғашқы сегіз күнінде, офтальмология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған соң, пластикалық операцияларға БЖЗҚ қаражатын пайдалану жөнінде 2 093 өтінім түскен. Бұл — бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп.

Желтоқсан айындағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгені құрады.

Осы жағдайға байланысты «Отбасы банк» зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуына қауіп бар екенін атап өтті. Банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова пластикалық операцияларға деген сұраныстың күрт өсуі БЖЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану тәуекелін арттыратынын айтты.

— Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау — Отбасы банкінің міндеті. Пластикалық операцияларға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде, біз бұл жағдайдан БЖЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. БЖЗҚ-дағы қаражат — азаматтардың болашақ зейнетақысы. Қазір осы мүмкіндікті желеу етіп, кейбір делдалдар зейнетақы қаражатын заңсыз шешіп алуға жол ашып отыр. Ал шын мәнінде пайда тауып отырған — сол делдалдар. Біздің басты мақсатымыз — зейнетақы қаражатының нақты мақсатына жұмсалуын қамтамасыз ету, — деді ол.

Осылайша, «Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары» бағыты бойынша БЖЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау enpf-otbasy.kz порталында 2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап тоқтатылады.

Қазіргі уақытта пластикалық операцияларға БЖЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтінім қаралуда. Аталған өтінімдердің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделеді.

Сонымен бірге азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өмірлік маңызды, қымбат және әрдайым қолжетімді бола бермейтін медициналық қызметтерге бағыттау мүмкіндігі сақталады. Мұндай қызметтер қатарына сирек (орфандық) ауруларды емдеу, радионуклидтік және радиойод терапиясы, радиохирургиялық емдеу және протондық терапия жатады.

Бұдан бөлек, қазақстандықтар зейнетақыlfy артылған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алу, ипотеканы толық немесе ішінара өтеу, сондай-ақ Отбасы банктегі депозитті толықтыру арқылы баспана алу мүмкіндігі қарастырылған.

Ұқсас материалдар

Барлығы

Жаңалықтар

Тағы жаңалық
KZNews.kz