Танымал әнші Заттыбек Көпбосынов әлеуметтік желіде кең тараған трендке қосылып, әріптесі Досымжан Таңатаровтың ән айтып тұрған видеосын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Жүгірген соң, осылай жанды дауыста ән айтқызып жүгіру керек қой!" – деп әзілдеді өнер иесі бейнежазбаға қалдырған жазбасында.
Аталған тренд Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жағажайда жүгіріп бара жатқан ескі видеосына жасалған пародиялардан кейін танымал болды. Желі қолданушылары дәл сол көріністі қайталап, түрлі әзіл видеолар түсіріп жүр.
Алайда көпшілік Назарбаев бейнеленген түпнұсқа видеоның нақты қай жерде түсірілгенін біле бермейді. Блогер Февралев кадрдағы табиғи нысандар мен ғимараттарды салыстырып, видео Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы әйгілі Копакабана жағажайында түсірілген деген болжам айтты.
Ол бұған дәлел ретінде экс-президенттің артқы жағынан көрінетін төбелер мен жағалау бойындағы ғимараттарға назар аударған.
Бұл мәлімет желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Кейбірі видеоны бұған дейін Түркияда түсірілген деп ойлағанын жазса, енді біреулер қазақстандықтар трендті дәл қайталау үшін Бразилияға баруы мүмкін деп әзілдеді.
Осылайша Назарбаевтың бірнеше жыл бұрын түсірілген видеосы әлеуметтік желіде қайта тарап, отандық жұлдыздар мен блогерлер арасында жаңа трендке айналды.