Жанжал Абай облысы прокурорының қызы мен Атырау облысы полиция қызметкерінің қызы арасында болған. Оқиғаның мән-жайын нақтылау үшін редакция Атырау облыстық полиция департаментіне жүгінген. Ведомство бұл іс Алматыда қаралып жатқанын хабарлаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, екі қыз арасында жеке келіспеушілік салдарынан төбелес шыққан. Қатысушылардың бірі кәмелетке толмаған.
Полицияның хабарлауынша, жанжал кезінде екі тарап та бір-біріне дене жарақатын салған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ведомство өкілдері қақтығысқа қатысқан екі адамның әрекетіне де құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Бір іс бойынша сот шешім шығарып, Абай облысының тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал Атырау облысының тұрғынына қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр.
Сонымен қатар прокуратура әлеуметтік желілерде тараптардың біріне болысып жатыр деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
«Қақтығысқа қатысушылардың туыстық немесе қызметтік байланыстары процестік шешімдерге әсер етпейді. Заң алдында бәрі тең», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу барысы Алматы қаласы прокуратурасының бақылауында.