KZNews.kz
Әлем

"Жарылғыш деп ойладық": кәріз қазушылар жер астынан 400 жылдық зеңбірек тауып алды

Дархан Тоқан
Фото: Халл қалалық кеңесі

Англияның Халл қаласында нөсер суын реттейтін дренаж жүйесіне қазу жүргізген мердігерлер жер астынан XVII–XVIII ғасырға тән зеңбірек тауып алды. Алғашында оны Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған қауіпті жарылғыш болуы мүмкін деп қауіптенген. Қазір археологтар бұл қару кейін айлақта кеме байлайтын тірек ретінде қайта пайдаланылған болуы ықтимал екенін айтады, деп хабарлайды kznews.kz.

Англияның Халл қаласындағы Queen’s Garden аумағында нөсер суына арналған кәріз-арық жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатқан. Дәл осы қазба кезінде жұмысшылар күрек ұшы тимегендей қатты темірге тіреліп, абдырап қалады. Топырақ астынан көрінген ірі темір массаны олар әуелі соғыс жылдарынан қалған қауіпті затқа балаған.

Алайда мамандар тексеріп, табылған дүние көне зеңбірек болып шықты. Ұзындығы шамамен 8,5 фут (2,6 метрге жуық), салмағы 2 200 фунттан асып жығылады, яғни бір тоннадан да ауыр.

«Бұл — Халлдың теңіздік әрі әскери өткенінен сыр шертетін ерекше олжа», — деді Humber Field Archaeology ұйымының археология менеджері Питер Коннелли.

Айтуынша, зеңбірек қазір жан-жақты зерттеліп жатыр, ал нақты қорытынды кейін жарияланады.

Зеңбірек бұрыннан-ақ жарамсыз күйге түсірілген болуы мүмкін. Оның аузы бітеулі болған. Бұл қарудың әскери қызметтен шығарылғанын меңзейді.

Коннеллидің болжамына қарағанда, қызметтен шыққан зеңбірек кейін басқа міндет атқарған. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында ескі зеңбіректерді айлақта кемені байлайтын тірек ретінде қолдану кең тараған. Тіпті Халлдың өзінде зеңбіректен жасалған байлау тіректері бүгінге дейін сақталғаны айтылады.

Сол себепті табылған қару да бір кездері айлақ маңында осылай пайдаланылып, кейін Queen’s Dock төңірегін топырақпен толтыру кезінде көміліп кетуі ғажап емес. Бұл аумақтағы «толтыру» жұмыстары негізінен 1920–1930 жылдары жүргені көрсетіледі. Демек, зеңбірек XX ғасыр басында құрылыс қалдығы секілді жер астында қалып қойған болуы ықтимал.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →