Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы дисквалификацияға байланысты тек ресми шешім шыққаннан кейін ғана рингке қайта оралады. Бұл туралы спортшының менеджері Берік Сұлтан мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Берік Сұлтан әлеуметтік желідегі жазбасында командаға қатысты айтылған сын-пікірлерге жауап беріп, жанкүйерлерге үн қатты.
"Біз жайында "мансаптың соңы" деп жазып жүргендерге айтарымыз бар: хейт пен сын әрқашан болады, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Әзірге ресми ақпарат жоқ. Қазір Жәнібек ешқайда шеттетілген жоқ, ол әлі де чемпион. Нақты шешім шыққан соң ғана алдағы қадамдарды айқындаймыз", – деді менеджер.
Сондай-ақ ол команда сыннан сынбай, керісінше, күшейе түскенін атап өтті.
"Иә, қиын жағдай болды, бірақ біз мойыған жоқпыз. Қайта күшейдік. Міндетті түрде ораламыз. 38 жастағы Кроуфорд "Канелоны" жеңді, Бивол, Усик, Иноуэ – бәрі тәжірибелі боксшылар. Лара 40-тан асқан шағында да рингте жүр. Ал Жәнібектің жасы небәрі 33-те. Тіпті жарты жыл немесе бір жыл дисквалификация берілсе де, біз қайта келеміз. "Qazaq Style" әлі талай жарқырайды. Ең жақсысы алда", – деп түйіндеді Берік Сұлтан.
Менеджер жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтып, команданың алдағы үлкен жекпе-жектерге дайын екенін жеткізді.