KZNews.kz
Спорт

Жәнібек Әлімханұлы әлемдегі үздік боксшылар тізімінен шығарылды

Ayzhan Sylanova

Әлемге танымал Ring Magazine журналы қазақстандық боксшы, WBO және IBF тұжырымдамалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын үздік боксшылар рейтингінен алып тастады, деп хабарлайды kznews.kz.

Басылым шешімнің себебін ресми әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндірген. Журнал мәліметінше, қазақстандық спортшының рейтингілік орны допингке қатысты жағдайдан кейін қайта қаралған.

«Осы айдың басында рейтинг көшін бастаған Жәнібек Әлімханұлы VADA өткізген допинг бақылауынан өте алмаған соң тізімнен шығарылды. Соның нәтижесінде өзге боксшылар жоғарылап, Хесус Рамос үздік ондыққа енді», – делінген Ring Magazine хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы аталған журнал нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік боксшы ретінде бірінші орында тұрған еді. Сонымен қатар спортшының екінші допинг сынамасын ашу уақытына қатысты ақпарат та бұған дейін жарияланған болатын.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары