Заңгер Анна Чернова блогер Еркежан Шайхиева ұйымдастырған Қытайға бизнес-турларға байланысты Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тексеру жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Чернованың айтуынша, блогер қатысушыларға құны 1–1,2 млн теңге болатын топтық турлар сатып, сапар бағдарламасын жасап, орын брондау мен қатысушыларды сүйемелдеу қызметін ұсынған. Заңгердің пікірінше, бұл әрекеттерден Қылмыстық кодекстің заңсыз кәсіпкерлікке қатысты бабының белгілері байқалуы мүмкін.
Сондай-ақ ол іс материалдарында «топтық тур» үшін төленген 200 мың теңгелік фискалдық чек барын, бұдан бөлек басқа төлемдердің «әйелдер киімі» және «жарнама орналастыру» деген атаумен рәсімделгенін айтты.
Анна Чернова құзырлы органнан блогердің мұндай қызметпен айналысуға құқығы болған-болмағанын, қанша тур ұйымдастырылғанын, түскен қаражаттың ресми есепке алынғанын және барлық төлемдерге чек берілген-берілмегенін тексеруді сұрады.
Еркежан Шайхиева – Қытай, шопинг және саяхат тақырыбында контент жасайтын қазақстандық блогер.