2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу кезінде қолданылатын салықтық шегерім ұлғайды. Бұрын ол 14 АЕК болса, енді 30 АЕК-ке дейін, яғни 129 750 теңге дейін өсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Салықтық шегерім – бұл салық салынатын табысты азайтатын сома. Осылайша, айлығы 150 мың теңге және одан төмен жалақы алатын қызметкерлер енді 10% мөлшерлеме бойынша ЖТС төлеуден босатылады. Соған сәйкес, олардың қолына алатын жалақысы өседі.
Мысал келтірейік: егер сіздің жалақыңыз салыққа дейін 150 мың теңге болса, төленетін ЖТС-ті есептеу үшін 150 мың теңгеден 15 мың теңге зейнетақы жарналарын (10%), 130 мың теңге салықтық шегерімді және 3 мың теңге МӘМС үшін жарнаны (2%) алып тастау қажет. Нәтижесінде 2 мың теңге қалады, осы сомадан 200 теңге немесе 10% ЖТС төленеді. Ал егер жалақы бұдан төмен болса, онда ЖТС мүлде төленбейді, яғни қызметкердің қолына алатын ақшасы көбейеді.
Бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мынадай есеп келтірген болатын.
«Қазір бізде шегерім 14 АЕК, яғни 55 мың теңге, ал келесі жылдан бастап ол 30 АЕК-ке, шамамен 130 мың теңгеге дейін өседі. Шартты түрде жалақыңыз 300 мың теңге делік. Қазір жалақыңыздан 30 мың теңге зейнетақы жарнасы ұсталады, содан кейін 55 мың теңге шегерім алынады. Осы сомадан 10% ЖТС есептеледі [сондай-ақ 2% МӘМС жарналары ұсталады; есеп былай шығады: 300 – 30 – 55 – 6 = 209 мың теңге; ЖТС 10% — 20,9 мың теңге]. Ал жаңа ережелер бойынша 55 мың емес, 130 мың теңге шегеріледі. Салық салынатын сома азаяды. Жалдамалы қызметкерлер үшін бұл тиімді, себебі салық азайып, қолына алатын жалақы көбейеді», – деген еді Амрин.
Бұл өзгерістер Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің қомақты бөлігін қамтиды. Ресми статистикада кейбір аймақтарда орташа жалақы 500 мың теңгеден асады деп көрсетілгенімен, шынайы өмірдегі жағдай мүлде өзгеше болып шықты. Өткен жылдың жазында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі жалдамалы жұмысшылардың 52 пайызы 150 мың теңгеге дейін ғана жалақы алатынын бірнеше рет растаған еді.