Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның саяси-құқықтық дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл туралы Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы Азамат Жансейтов айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция жекелеген баптардың өзгеруімен ғана шектелмейді. Ол мемлекеттік биліктің архитектурасын жаңартып, заң шығарушы биліктің жаңа моделіне көшуді көздейді.
– Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылғы 1 шілде ел тарихындағы маңызды белеске айналады. Өйткені дәл осы күннен бастап жаңа Конституция күшіне еніп, екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу үдерісі басталады. Ал Құрылтай депутаттары сайланып, алғашқы құрамы қалыптасқаннан кейін өз жұмысына кіріседі, – деді Азамат Жансейтов.
Сонымен бірге ол бұрынғы парламенттік жүйенің тарихи рөлін төмендетуге болмайтынын атап өтті.
– 1996-2026 жылдар аралығында Парламент 3,5 мыңнан астам заң қабылдады. Оның ішінде 38 кодекс пен 1400-ден астам халықаралық құжат ратификацияланды. Бұл заңдар тәуелсіз Қазақстанның қазіргі құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негізін қалыптастырды. Сондықтан жаңа жүйеге көшу бұрынғы тәжірибеден бас тарту емес, қалыптасқан институционалдық тәжірибені жаңа саяси жағдайға бейімдеу болып саналады, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, саяси жауапкершілікті күшейтуге және заң шығару үдерісін жеделдетуге бағытталған жаңа конституциялық дәуірдің бастамасы болмақ.
Азамат Жансейтов жаңа модельдің ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесіне әсер ететінін айтты.
– Бұрын заң жобалары Мәжіліс пен Сенатта бөлек қаралып, кей жағдайда бірнеше рет кері қайтарылатын. Мәселен, Сенат өз қызметі барысында заң жобаларын Мәжіліске түзетулер енгізу үшін 794 рет қайтарды. Бұл заңдарды жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенімен, қабылдау мерзімін ұзартатын жағдайлар да болды. Бір палаталы Құрылтайда заң шығару үдерісі бір органда шоғырланады. Соның арқасында рәсімдердің қайталануы азайып, қоғамдық сұраныстарға, экономикалық және технологиялық өзгерістерге жедел жауап беру мүмкіндігі артады, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, жаңа жүйеде депутаттардың саяси жауапкершілігі де айқынырақ болады.
– Құрылтай 145 депутаттан тұрады және олар бес жыл мерзімге сайланады. Заң шығару қызметі бір органда шоғырланған жағдайда азаматтарға нақты шешімнің қабылдануына кімнің жауапты екенін анықтау жеңілдейді, – деді Азамат Жансейтов.
Ол сондай-ақ саяси партиялардың жауапкершілігі де күшейетінін жеткізді.
– Партиялар сайлау кезінде берген уәделерін Құрылтайдағы заң шығару қызметі арқылы орындауға тиіс болады. Осылайша, азаматтар сайлаудан сайлауға дейін партиялардың бағдарламасы мен нақты жұмысын салыстыра алады, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, жаңа Конституция экономикалық және технологиялық өзгерістерге бейімделген заңнаманы бұрынғыдан жылдамырақ қабылдауға мүмкіндік береді.
– Соңғы жылдары жасанды интеллект, интернет-алаяқтықпен күрес, онлайн несие беру кезіндегі «салқындату кезеңі», цифрлық қызметтер және әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелеріне қатысты заңдар қабылданды. Жаңа жүйе осы бағыттағы заңнаманы бұдан да жедел жаңартуға жағдай жасауы тиіс, – деді ол.
Сонымен қатар Азамат Жансейтов заң шығару үдерісінің жеделдеуі заң сапасының төмендеуіне жол бермеуі қажет екенін айтты.
– Бұрын Сенат комитеттері 60-тан астам парламенттік тыңдау өткізіп, үш мыңға жуық сараптамалық іс-шара ұйымдастырды. Сондықтан Құрылтай жүйесінде де ғылыми қауымдастықтың, азаматтық сектордың, бизнестің және өңірлердің пікірін ескеретін тиімді сараптамалық тетіктер сақталуы маңызды, – деді сарапшы.
Ол жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін азаматтар күнделікті өмірде де нақты өзгерістерді сезіне бастайтынын атап өтті.
– Азаматтар заңдардың жылдамырақ қабылданып, өзекті мәселелерге мемлекеттің жедел әрекет ете бастағанын байқауы мүмкін. Интернет-алаяқтық, онлайн кредиттеу, жеке деректерді қорғау немесе жасанды интеллекті реттеу сияқты жаңа қауіптерге қатысты заңнамалық өзгерістер бұрынғыдан жедел қабылдануы ықтимал, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, бір палаталы жүйеде депутаттардың қызметін бағалау да жеңілдейді.
– Белгілі бір заң жобасына қай депутат немесе қай партия бастамашылық жасағаны, кім қолдап, кім қарсы дауыс бергені ашығырақ көрінеді. Бұл саяси жауапкершілік пен сайлаушылар алдындағы есептілікті күшейтеді. Мәселен, азаматтар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауылдық инфрақұрылым, әлеуметтік төлемдер немесе тұрғын үй құрылысына қатысты қандай бастамалар көтерілгенін және қандай шешімдер қабылданғанын нақты бақылай алады, – деді ол.
Азамат Жансейтов депутаттардың заң шығару бастамаларының үлесі де арта түсетінін айтты.
– Соңғы шақырылымдағы Мәжілісте депутаттар бастамашылық жасаған заң жобаларының үлесі 40 пайыздан асып, қазақстандық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл заң шығару қызметінің Үкіметпен қатар халық өкілдерінің бастамалары арқылы да дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, әлеуметтік бағыттағы реформалар да жалғасын табады.
– Бұған дейін Парламенттің қатысуымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы, әйелдер мен балаларды қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, еңбек заңнамасын жетілдіру және цифрлық мемлекеттік қызметтерді кеңейту сияқты маңызды бастамалар заңнамалық тұрғыда бекітілді. Жаңа Құрылтай осы әлеуметтік бағытты одан әрі жалғастыруы тиіс, – деді ол.
Сөз соңында сарапшы жаңа Конституция барлық оң өзгерісті бір күнде қамтамасыз етпейтінін, алайда мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға қажетті құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.
– Азамат үшін Конституцияның тиімділігі мемлекеттік органдардың құрылымымен емес, күнделікті өмірдегі нақты нәтижемен өлшенеді. Сондықтан мемлекеттік қызмет сапасы, әлеуметтік қолдау, цифрлық қауіпсіздік, кәсіпкерлік жүргізу жағдайы және азаматтардың құқықтарын қорғау мүмкіндігі жақсаруы қажет. Жаңа Конституция осы өзгерістердің құқықтық негізін қалайды. Ендігі басты міндет – оның нормаларын қазақстандықтар күнделікті өмірде сезінетін нақты нәтижеге айналдыру, – деді Азамат Жансейтов.