Конституция – кез келген мемлекеттің саяси құрылымын ғана емес, оның экономикалық даму бағытын да айқындайтын негізгі құқықтық құжат. Сондықтан конституциялық реформалардың әсері ең алдымен инвестициялық ахуалдан, кәсіпкерлік ортаның тұрақтылығынан және мемлекеттік басқарудың тиімділігінен байқалады.
Әдетте, елдің экономикасы көбіне қаржы, өндіріс немесе табиғи ресурстармен өлшенеді. Алайда, дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, тұрақты экономикалық өсімнің іргетасы – сенімді құқықтық жүйе. Заң үстемдігі орныққан, меншік құқығы қорғалған және мемлекеттік институттары тиімді жұмыс істейтін елдер инвестиция тартуда да, кәсіпкерлікті дамытуда да басымдыққа ие.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы конституциялық реформалар ел экономикасының жаңа кезеңіне құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады. Осы тұрғыдан бірнеше мысал келтірейік.
БІРІНШІДЕН, Конституция елдегі құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, экономикаға енетін инвестицияның да басты кепілі болады.
Кез келген инвестор үшін ең маңызды мәселе капиталдың қауіпсіздігі екені белгілі. Егер заң тұрақты болса, сот жүйесі әділ жұмыс істесе және меншік құқығы сенімді қорғалса, инвестициялық тәуекел төмендейді.
Сондықтан Конституцияда бекітілген құқық үстемдігі қағидаты шетелдік және отандық инвесторлардың сенімін арттыратын негізгі факторлардың бірі саналады. Инвестиция көбейген сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейіп, бюджет кірісі артады.
ЕКІНШІДЕН, Ата заң еркіндігі сақталған елде кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптасады. Ал нарықтық экономиканың қозғаушы күші жеке кәсіпкерлік екені аян.
Бизнестің дамуы үшін заңдардың түсінікті, тұрақты әрі барлық тарапқа бірдей қолданылуы аса маңызды. Яғни, құқықтық жүйенің жетілдірілуі әкімшілік кедергілерді азайтып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің белсенділігін арттырып, экономиканың әртараптануына ықпал етеді.
ҮШІНШІДЕН, Конституцияда көрсетілген кепілдік бойынша мемлекет бәсекелестікті қорғайды. Ал бәсекелестік экономикалық өсудің негізіне айналады. Бұл үдеріс заң тұрғысынан ғана жүзеге асады.
Конституциялық реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және әділ бәсекелестікке жағдай жасау болғаны анық. Яғни, адал бәсекелестік қалыптасқан жерде өнім сапасы жақсарады, инновациялар көбейеді, тұтынушылардың таңдауы артады. Мұндай орта экономиканың өнімділігін көтеріп, ұзақ мерзімді өсімге жол ашады.
ТӨРТІНШІДЕН, жаңа Конституцияда көрсетілгендей, мемлекеттік басқарудың сапасы артады. Ал экономикалық табыстың тағы бір шарты тиімді мемлекеттік басқаруда жатыр.
Демек, ашықтық, есептілік және жауапкершілік қағидаттары күшейген сайын бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, мемлекеттік бағдарламалардың сапасына және жемқорлық тәуекелдерінің төмендеуіне мүмкіндік туады.
Нәтижесінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенім артып, экономикалық шешімдердің сапасы жақсарады.
БЕСІНШІДЕН, Конституция мемлекеттің әлеуметтік саясатының тең дәрежеде және халыққа қолайлы жүзеге асуына кепілдік береді.
Өйткені, әлеуметтік тұрақтылық елдегі экономикалық дамудың тірегі. Яғни, экономика өндіріс пен қаржыдан ғана тұрмайды деген сөзге қайта айналып келіп отырмыз. Яғни, экономиканың негізгі күші адам капиталы екені анық. Ал азаматтардың білім алуға, денсаулық сақтауға, еңбек етуге және әлеуметтік қорғауға қатысты құқықтарының сақталуы еңбек өнімділігін арттырады.
Жалпы, әлеуметтік тұрақтылық сақталған қоғамда ішкі сұраныс өсіп, кәсіпкерлік белсенділік күшейеді. Бұл ұлттық экономиканың орнықты дамуына ықпал етеді.
АЛТЫНШЫДАН, мемлекеттің дамуы үшін жасалатын кез келген реформалардың басты өлшемі нәтиже екені анық. Қолданысқа енген жаңа Конституцияның да негізгі миссиясы осы және ол енді басталды.
Әрине, Конституциялық өзгерістердің тиімділігі олардың қағаз жүзінде қабылдануымен емес, нақты орындалуымен бағаланады. Заңдардың сапалы орындалуы, соттардың тәуелсіздігі, мемлекеттік қызметтің ашықтығы және азаматтардың құқықтарының нақты қорғалуы ғана экономикалық реформалардың табысты болуына негіз болады.
Ал Қазақстан үшін бұл кезең құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып қана қоймай, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашатын, кәсіпкерлікті дамытатын және экономиканың сапалы өсуіне жағдай жасайтын маңызды тарихи кезең болмақ.
Қорыта айтқанда, Конституция экономикалық саясаттың өзі емес, бірақ сол саясаттың сенімді құқықтық іргетасы. Құқықтық жүйе неғұрлым тұрақты әрі әділ болса, экономика да соғұрлым бәсекеге қабілетті, инвестиция үшін тартымды және халықтың әл-ауқатын арттыруға қабілетті болады. Сондықтан конституциялық реформалардың түпкі нәтижесі жаңа заңдардың қабылдануымен ғана емес, олардың қоғам мен экономикада нақты жұмыс істеуімен өлшенеді.