Аймақ

Жамбыл облысында ер адам өзінің 34 жыл бойы "үйленген" екенін білмей жүрген

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
Жамбыл облысында ер адам өзінің 34 жыл бойы "үйленген" екенін білмей жүрген
Фото: Ашық дереккөзі

Жамбыл облысының тұрғыны 2025 жылы банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен 1991 жылы өз атына неке тіркелгенін көріп, қатты таңғалған. Ол бұл некені жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа шағымданды, деп хабарлайды kznews.kz.​​​​​​​

Ер адамның айтуынша, 1991 жылы ол жауапкер әйелмен отбасын құру ниетімен бірге тұрғанымен, небәрі төрт айдан кейін екі жақ екі жолға кеткен. Талап қоюшының сөзінше, олар АХАТ (РАГС) органдарына барып неке қиюға өтініш бермеген, ешқандай құжатқа қол қоймаған әрі неке туралы куәлік те алмаған.

Даудың өзегі 2025 жылы белгілі болған: ер адам мемлекеттік қызметтер деректерінен өзінің 1991 жылы некеде тұрғаны жөнінде жазбаны байқайды. Ал сол жылға қатысты азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімі аяқталған соң жойылғаны көрсетілген.

Соған қарамастан, сот іс материалдарын зерттеу кезінде азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында неке тіркелгені туралы жазба бар екені анықталған. Алайда ең маңыздысы – акт жазбасындағы қолтаңбалар талап қоюшы мен жауапкерге емес, үшінші тұлғаға тиесілі болып шыққан.

Сот отырысында талап қоюшының жақын досы әрі көршісі неке тіркелген сәтке қатыспағанын және акт жазбасына қол қоймағанын мәлімдеді. Іске үшінші тұлға ретінде тартылған АХАТ органының өкілі сотқа келмеген.

Сот 1991 жылы неке тіркеу заң талаптарын бұза отырып жүргізілген деген қорытындыға келді. Нақтырақ айтқанда, неке рәсімдеу кезінде тараптардың өзі қатыспаған, ал мұндай жағдайға заңнама жол бермейді.

Іс барысында кейінгі деректер де назарға алынған: 1994 жылы жауапкер басқа адаммен заңды некеге тұрған, ал талап қоюшы 2001 жылы өзге азаматшамен некесін тіркегені және балалары бары белгілі болған. Нәтижесінде сот 1991 жылғы акт жазбасында көрсетілген некені жарамсыз деп таныды.

Шешім заңды күшіне енген.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz