KZNews.kz
Аймақ

Жамбыл облысында демалыс аймағынан 22 жасөспірім ауруханаға жеткізілді: полиция тексеру жүргізіп жатыр

Жарқын Омаров
Фото:depositphotos.com

2026 жылғы 21 қаңтар күні сағат 22:40 шамасында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына «Тұран» демалыс орнынан Қызылорда облысынан ауданға күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген 12–17 жас аралығындағы 22 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.

Алдын ала диагноз – этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит. Бұл тамақтан улану немесе жұқпалы ауру болуы мүмкін.

"Аурудың себептерін анықтау мақсатында науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынған, қазіргі таңда қорытындысы күтілуде. Аталған жағдай бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - делінген Жамбыл облысы әкімдігі таратқан хабарламада.

Сонымен қатар бұл факті 2026 жылғы 21 қаңтарда Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, құзырлы органның тексеру қорытындысы негізінде тиісті процестік шешім қабылданатын болады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барып, жедел штаб отырысын өткізді.

Балалар медициналық бақылауға алынған, тиісті органдар тарапынан барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Айта кетейік, аталған демалыс орнында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Ауруханаға жүгінген науқастардың жағдайы жеңіл дәрежеде, денсаулықтары қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Демалыс орнындағы басқа балаларға медициналық тексеру жүргізілді, ауру белгілері анықталған жоқ, профилактикалық шаралар жалғасуда.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары