Белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі Нұрқаділова әлеуметтік желідегі парақшасында атасы өмірден өткеннен кейін отбасының қандай қиындықтарға тап болғанын жазды, деп kznews.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, әкесі Қайрат Нұрқаділов қазір 59 жасында жұмыс таба алмай жүр. Нұрбибі бұрын олардың отбасының жанында жүрген, араласқан адамдардың бүгінде сырт айналғанын жеткізді.
"Атам тірі кезінде, жоғары қызметте жүрген уақытта әкемнің телефоны бір сәтке де тыным таппайтын. Барлығы оған жақын болуға тырысатын. Әркімнің өз мүддесі болды. Айналасын жағымпаздар мен жарамсақтар қоршап жүретін. Ал қазір сол адамдардың ешқайсысы әкемнің хабарламасына жауап бермейді. Тіпті одан ешқашан көмек көрмегендей кейіп танытады", – деп жазды Нұрбибі.
Ол әкесімен сөйлескен сайын жүрегі ауыратынын, оның қазіргі жағдайын көру өзіне ауыр тиетінін айтты.
"Ол 59 жасында жұмыс іздеп, табанынан тозып жүр. Бір кездері өзіне ерекше құрмет көрсеткен адамдардан жұмысқа орналасуға көмек сұрайды. Бірақ олардың жауабы – үнсіздік, бас тарту және менсінбеушілік", – деді ол.
Нұрбибінің сөзінше, атасы тірі кезде Қайрат Нұрқаділов көпшілікке керек адам болған. Ал қазір ол өзін өмірдің шетіне ығыстырылғандай сезінеді.
"Бүгін тағы да әкеммен кездестім. Әңгімеміз тағы да атамның іс-әрекеттері оның өміріне және біздің тағдырымызға қалай әсер еткені туралы болды. Тағы да оның жанарынан түңілу мен ақталмаған үмітті көрдім. Тағы да осы жағдайға қатысы бар адамдардың бәріне деген өкпе-реніш бойымды биледі. Әлі күнге дейін әділдік орнаған жоқ. Бұл әулеттің тегі әлі күнге дейін біздің иығымызға ауыр жүк болып түсіп тұр. Өкінішті-ақ", – деп жазды Нұрбибі Нұрқаділова.
Айта кетейік, Қайрат Нұрқаділов әр жылдары мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қарашада өз үйінен өлі табылған еді.
Белгілі саясаткер екі рет отбасын құрған. Алғашқы жұбайы Нұрбике Нұрқаділовадан Қайрат есімді ұлы және Құралай есімді қызы дүниеге келген. Құралай Нұрқаділова кейін танымал дизайнер атанып, "Құралай" сән үйінің негізін қалады. Қайрат Нұрқаділовтің Нұрбибі есімді қызы бар.
Кейін Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовамен шаңырақ көтерді. Бұл некеден Мерей Заманбек есімді қыздары дүниеге келген.