Марқұм мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің немересі Нұрбибі Нұрқаділова әлеуметтік желіде әкесі Қайрат Нұрқаділовтің қазіргі жағдайы туралы жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, әкесі бүгінде 59 жасында жұмыс іздеп жүр. Нұрбибі кезінде Заманбек Нұрқаділовтің айналасында көп адамның болғанын, алайда қазір олардың көбі байланысқа шықпайтынын атап өтті. Сондай-ақ әкесінің бұрын көмектескен адамдарынан қолдау сұрағанымен, көп жағдайда жауапсыз қалғанын жеткізді.
«Әкемнің көңілі қалғанын көру ауыр. Біздің тегіміз әлі күнге дейін үлкен жауапкершілік пен салмақ болып тұр», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары бұл пікірге әртүрлі көзқарас білдірді. Кейбірі қолдау танытса, енді бірі әр адам өз жолын өзі қалыптастыруы керек деген пікір айтты. Бұған жауап ретінде Нұрбибі әкесіне мансап құруға мүмкіндік берілмегенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның саяси өмірінде маңызды қызметтер атқарып, Алматы қаласы мен облысын басқарған. Ол 2005 жылы қайтыс болды.