Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Айнабұлақ ауылында жеке тұрғын үйден өрт шығып, көрші азамат Талғат Мүсірат қою түтінге қарамастан үйге терезе арқылы кіріп, іште қалған әже мен төрт баланы сыртқа шығаруға көмектесті, деп хабарлайды Kznews.kz.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тілсіз жау шыққан сәтте үй іші қатты түтінге толып кеткен. Сол кезде көршісі Талғат Мүсірат тәуекелге барып, үйге терезе арқылы енген. Нәтижесінде 1956 жылы туған әйел адам және 2017, 2019, 2020, 2023 жылы туған төрт бала қауіпсіз жерге шығарылды.
Оқиға орнына келген №25 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері отты жедел ауыздықтап, 30 шаршы метр аумақты шарпыған өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала болжам бойынша, өрт электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан туындаған болуы мүмкін.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамауға шақырып отыр.
«Өртке әкелуі мүмкін бұзушылықтарды уақытында жою өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді. Өрт жағдайында дереу «112» нөмірі бойынша хабарласыңыз», - дейді ШҚО ТЖД өкілдері.