Ормуз дағдарысы: әлемдік тәртіп қалай өзгереді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Ормуз дағдарысы: әлемдік тәртіп қалай өзгереді?

Ормуз дағдарысы: әлемдік тәртіп қалай өзгереді?

Ормуз бұғазының екі апталық бітім аясында қайта ашылуы әлемдік мұнай нарығының тыныс алуын сәл жеңілдеткендей болды.

АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін нарық бірден реакция танытып, Brent мұнайының бағасы бірден 12 пайызға төмендеп, баррелі 95,3 долларға түсті.

Алайда, әлемдік трейдерлер мұны толық тұрақтану емес, тек қысқа үзіліс кезіндегі құбылу деп бағалап отыр екен. Өйткені, бұғаз арқылы мұнай тасымалдауға енді тек әскери операция ғана әсер етпейді екен. Аз күндегі дағдарыс мұнай саудасындағы алапат қаржы айналымына ауыр соққы болып тиген көрінеді. Бұдан ары су жолымен мұнай тасымалдаудың тәуекелі арта бермек. Соған сай баға да көтеріледі-мыс. Біріншіден, кеме тасымалының сақтандыруы күрт өскен.

Қақтығыс қаупі күшейген сәттен бері халықаралық сақтандыру клубтары тәуекелді қайта есептеп, тарифтерді көтеруді бастады. Бұрын кеме құнының 0,2 пайызы шамасында болған сақтандыру төлемі қазір 5 пайызға дейін жетіпті.

Бұл теңіз тасымалындағы бағаны да қайта қарауға әкеледі. Яғни, сақтандыру құны жүк тасымалынан түсетін табыспен теңесіп қалды. Енді әлем елдері Ормуз бұғазы арқылы өтетін трафиктің тиімділігі туралы ойлана бастайды. Бұл жерде екі таңдау бар, біріншісі, тәуекелді тасымалдау бұрынғы көлемде жалғасады, бірақ, логистика қызметінің ақысы еселеп қымбаттайды. Ол өндіруші мен тұтынушы үшін артық шығын болғандықтан, тұтас жүйедегі құн мен баға қайта қаралады.

Демек, Таяу Шығыс дағдарысы тек геосаяси соғыс қана емес, әлемдік сауда, оның ішінде мұнай нарығын жаңа тәртіпке көшіру идеясын айқындайды. Екіншіден, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдау көлемі қысқаруы мүмкін. Кейбір болжамдарда трейдерлер кеме арқылы мұнай тасымалдауды біртіндеп азайтып, балама жолдар іздейтіні де айтылады. Бірақ, мұнай энергетикасына басы байлы болып отырған әлем елдері қазір мұндай тәуекелге дайын емес көрінеді.

Қысқасы, мұнай бағасы енді арзандамайтыны анық. Бұдан мұнай өндіруші елдер ұтуы мүмкін. Қазақстан да осы қатарда. Алайда, қара алтын бағасының құбылуы біз үшін қаншалықты пайда әкелетінін болжау қиын. Бұл жерде өндіру, өңдеу, тасымалдау сияқты тізбекті мәселелер бар.

Жалпы, біз сөз етіп отырған мәселе дәл бүгін орнайтын тәртіп емес. Мұның негізі соғыс стратегиясында жатыр. Бейбіт келісімдер немесе бір тараптың жеңісі жағдайды өзгертуі ғажап емес. Қалай болғанда да Ормуз бұғазынан басталған логистика дағдарысы енді әлемдік тәртіптің өзгеруіне әкелетіні анық. Бұл жерде азулы елдер өз талабын айтатыны және айқын. Мысалы, қазірдің өзінде Иран тарапынан бұғаз арқылы өтетін транзитті ақылы ету идеясын көтерген көрінеді...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.