Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы қызметіне тағайындалды. Жаңа басшының тағайындалғанын Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ләззат Танысбайдың телевизия саласында 30 жылдан астам еңбек өтілі бар. Осы уақыт аралығында ол «Астана» телеарнасы, «НҰР-Медиа» медиахолдингі, «Қазақстан» РТРК және «Евразия» телеарнасы секілді ірі медиақұрылымдарды басқарған. Сондай-ақ Байланыс және ақпарат министрлігінде қызмет атқарған.
Министрлік жаңа басшының мол тәжірибесі «Хабар» агенттігінің жұмысын одан әрі дамытуға және негізгі бағыттарын жаңғыртуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар «24KZ» телеарнасының қоғамдық-саяси бағыттағы жетекші арна ретіндегі рөлін күшейту көзделіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін «Хабар» агенттігін басқарған Кемелбек Ойшыбаев бұл қызметтен босатылған.