Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда вице-президент деген лауазымын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
«Халық арасында “әр нәрсенің өз уақыты бар” деп бекер айтпайды.Менің ойымша, дәл осындай уақыт келді. Сондықтан бүгін Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында жаңа әрі маңызды ұсынысымды ортаға салғым келеді.Ұсынылып отырған бұл жаңашылдық бірнеше жыл бойы біз жүйелі түрде қалыптастырып келген бүкіл саяси құрылымды табиғи түрде толықтыратын болады. Әңгіме Қазақстан Республикасы Вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда бекіту туралы болып отыр", - деді Президент.
Вице-президентті Президент Парламенттің көпшілік дауысымен берілген келісімі негізінде тағайындайды. Оның өкілеттіктерін Мемлекет басшысы айқындайды.
"Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанның мүддесін халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздерде білдіреді; Президенттің мүддесін Парламентте таныстырады; отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды; Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды»,- деді Тоқаев,
Сонымен өатар, Тоқаев Мемлекет басшысын сайлау мәселесі бойынша маңызды ұсыныс жасады.
"Қазіргі Ата заңға сәйкес Президент өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сенат төрағасының мемлекетті басқаруға мүмкіндігі болмаса, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті лауазым иелеріне өтеді. Бұл ретте, мәселенің бәрі «қалған мерзімге» деген сөзге келіп тіреледі, осы мәселені ерекше атап өткен жөн. Басқаша айтсақ, «қалған мерзім» 6 айға да, 6 жылға да созылуы мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген норма негізгі заңда нақты белгіленуі қажет. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Осы норма кейінгі мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін қағида болуға тиіс!», - деді Президент.