Әсем Әубәкір есімді Қазақстан азаматының Вьетнамда түсініксіз жағдайда жоғалып кеткені туралы хабар тарады. Ол соңғы рет 6 наурыз күні Хошимин қаласынан байланысқа шыққан, деп хабарлайды kznews.kz.
Әсем Әубәкірдің жоғалғаны туралы оның әпкесі Рузана Әубәкір хабарлады. Сөзінше, Әсем сол күні Қазақстанға ұшпақ болған. Бірақ әуежайда таблодан өз рейсін таппай қалған. Осыдан кейін байланыс үзілген.
Туыстарының айтуынша, сол уақытқа дейін Әсем екі күн бойы ұйықтамаған, күйзеліс жағдайында болған. Ақырғы рет сөйлескенде артынан әлде кімдер аңдып жүргенін айтқан. Банк картасымен төлемдер соңғы рет 6 наурызда жасалған.
Жоғалып кеткенге дейін ол АҚШ азаматымен бірге түскі ас ішкен. Туыстарымен телефон арқылы сөйлескен сәтте дауысы басқаша болып шыққан.
Әсем 9 жылдан бері жалғыз өзі саяхаттайды. Жақындары осы уақытқа дейін бұндай жағдай болмаған дейді.
Әсем Әубәкірдің туыстары Қазақстанның Вьетнамдағы консулдығына жүгінген. Сөздерінше, іздестіру жұмыстары дүйсенбі күні басталуы мүмкін.