Өмір бойына сотталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласының тағдыры белгілі болды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Венгрия президенті отставкаға кетті: Премьер-министр бұл қызметке шахматшы Юдит Полгарды ұсынбақ

Венгрия президенті отставкаға кетті: Премьер-министр бұл қызметке шахматшы Юдит Полгарды ұсынбақ
STR/NurPhoto via Getty Images

Венгрия президенті Тамаш Шуйоктың өкілеттік мерзімі жексенбі күні ресми түрде аяқталды. Ол жуырда билікке келген "Тиса" партиясы ел Конституциясына өзгерістер енгізгеннен кейін қызметінен кетуге келісті, деп хабарлайды kznews.kz.

Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр президент қызметіне тарихтағы ең мықты шахматшы әйелдердің бірі саналатын гроссмейстер Юдит Полгардың кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді.

Шуйок өткен дүйсенбіде парламент қабылдаған конституциялық түзетулерге қол қойып, отставкаға кетті. Құжатта президенттің өкілеттігі «сенімнен елеулі түрде айырылуына» байланысты тоқтатылатыны жазылған.

Депутаттар Венгрия Конституциялық сотының төрағасын да қызметінен босатты. Сонымен қатар парламентте үш мерзім жұмыс істеген депутаттардың сайлауға қайта түсуіне тыйым салынды. Бұл шектеу бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның «Фидес» партиясы фракциясының жартысынан астам мүшесіне қатысты.

Петер Мадьяр Шуйокты бірнеше рет Орбанның мүддесіне қызмет етті деп айыптап, оның отставкаға кетуін талап еткен.

Бұған дейін президент бес жылдық өкілеттік мерзімі аяқталғанша өз еркімен қызметтен кетпейтінін айтқан. Алайда өткен аптаның соңында ол Конституцияға енгізілген түзетулерге қол қоюға шешім қабылдап, жаңа үкіметті құқық үстемдігі қағидаларын бұзды деп айыптады.

Шуйок бұл өзгерістерді «Венгрияның конституциялық демократиясы үшін күйретуші сәт» деп атады.

«Саяси билікке қол жеткізу үшін еркін қоғамның негізгі қағидалары аяққа тапталды», – деді ол.

Түзетулер қабылданғаннан кейін Шуйоктың құжатқа қол қоюына бес күн берілген. Қол қоймаған жағдайда елде конституциялық дағдарыс туындап, президентке импичмент жариялау рәсімі басталуы мүмкін еді.

Парламент жаңа президентті 30 күн ішінде сайлауға тиіс. Осы уақытқа дейін мемлекет басшысының міндетін парламент спикері Агнеш Форстхоффер атқарады.

Венгрия – парламенттік республика. Ел Конституциясына өзгеріс енгізу үшін 199 депутаттың 133-інің дауысы жеткілікті. Сәуірде өткен сайлауда Петер Мадьяр басқаратын «Тиса» партиясы парламенттегі 141 мандатқа ие болды.

Президенттің өкілеттігі негізінен рәсімдік сипатта. Дегенмен мемлекет басшысы заң жобасын қайта қарау үшін парламентке қайтара алады немесе оны Конституциялық сотқа жолдауға құқылы.

Тамаш Шуйок 2024 жылы Венгрия президенті болып сайланған. Сол кезде парламентте Виктор Орбанның партиясы басымдыққа ие еді. Шуйок бұл қызметке Каталин Новак отставкаға кеткеннен кейін тағайындалды. Новак балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық қылмысын жасырғаны үшін сотталған адамға рақымшылық жасауға байланысты даудан соң қызметінен кеткен болатын.

Орбанның қарсыластары оны билікте болған 16 жыл ішінде өз өкілеттігін ұзарту және жақтастарын маңызды мемлекеттік қызметтерге орналастыру мақсатында заңдарды жүйелі түрде өзгертіп келді деп айыптаған.

Жаңа президент Юдит Полгар бола ма?

Дүйсенбі күні Петер Мадьяр президент қызметіне Юдит Полгарды ұсынатынын хабарлады.

«Елімізге бірлік, бейбітшілік және барлық венгр мақтан тұтатын президент қажет», – деп жазды премьер-министр Facebook парақшасында.

Ол Юдит Полгармен кездесіп, мемлекет басшысы болуға келісетін-келіспейтінін сұрайтынын айтты.

«Юдит Полгардың есімі талант пен табандылықтың символына айналды. Ол ең табысты шахматшы әйел ретінде 26 жыл бойы әлемдік рейтингтің көшін бастады және әлемнің үздік он шахматшысының қатарына енді», – деді Мадьяр.

23 шілдеде 50 жасқа толатын Юдит Полгар тарихтағы ең мықты шахматшы әйел саналады. Оның рейтингі 2700 ұпайдан асқан.

Полгар шахмат ойнауды бес жасында бастаған. Ол небәрі 15 жасында гроссмейстер атанып, америкалық шахматшы Бобби Фишердің рекордын жаңартты.

Кәсіби мансабының алғашқы кезеңінен бастап ол ерлер арасындағы турнирлерге қатысты. 2002 жылы Ресей және әлем шахматшылары арасындағы жарыста Гарри Каспаровты жеңді. Бұған дейін Каспаров шахмат әйелдерге онша сәйкес келмейтінін және олардың мықты күрескер еместігін айтқан еді.

Юдит Полгар 1998 жылы өткен турнирлердің бірінде бұрынғы әлем чемпионы Анатолий Карповты да жеңген.

Ол 2014 жылы кәсіби спорттық мансабын аяқтады. Кейін Венгрияның шахмат құрамасын басқарды.

Автор
Қайсар Қанат

Журналист. Блогер. Фрилансер