Қызыл жалын ауыл шетіндегі баспананы шарпыған кезде өрт сөндірушілер 13 шақырым қашықтықтан жеткен. Дегенмен отты ауыздықтағанша үй толығымен қирап үлгерген.
Өрт сөндірілген соң үйдің ішінен үш адамның мәйіті табылды: 58 жастағы әйел мен 44 және 46 жастағы екі ер адам қаза тапқан. Ал үй иесінің 35 жастағы қызы ғана аман қалып, сыртқа шығып үлгерген.
Алдын ала деректерге сәйкес, марқұм болған ер адамдардың бірі сол күні қонаққа келген, екіншісі қайтыс болған әйелдің қызының азаматтық некедегі жары болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл отбасы сыйлы, тату жанұя саналған. Ер адамдар жергілікті шаруашылықта жұмыс істеп жүрген, ал әйел үй шаруасына қараған.
Қайғылы жағдайға байланысты облыстық тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Басқарма басшысы Азат Құсаиновтың айтуынша, қаза болғандардың өлімі кездейсоқ емес, қасақана қылмыспен байланысты болуы мүмкін.
«Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес – екі немесе одан да көп адамды өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар жүргізіліп, барлық мән-жай анықталуда», – деді ол.