Маңғыстау облысындағы Үстірт өңірінде орналасқан «Үстірт» шекара заставасында болған сарбаз өліміне қатысты сот шешімі жарияланды. Ақтөбе гарнизонының әскери соты сақшы жасағының бастығын 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы жағдай өткен жылдың қазан айында орын алған. Тергеу деректеріне сәйкес, бөлімше басшысына дизель генераторынан май ағып тұрғаны жөнінде хабар берілген. Осыдан кейін ол екі сарбазға кешкі уақытта құрылғыны тазалау жөнінде ауызша тапсырма берген.
Тапсырманы орындау кезінде қатардағы жауынгер жанар-жағармай қоймасына кіріп, цистернаның қақпағын ашқан. 20 литрлік ыдысқа жанармай құю барысында оның буына уланып, есінен танып қалған. Сарбаз шамамен 20 минут бойы цистерна үстінде қараусыз жатқан. Әріптестері тауып алғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Сот барысында 26 жастағы айыпталушының қызметтік міндетіне салғырт қарағаны дәлелденді. Ол жарықсыз қоймада түнгі уақытта жанармаймен жұмыс істеуге болмайтынын біле тұра бұйрық берген. Сонымен қатар, сарбаздарға тиісті қауіпсіздік нұсқаулығы жүргізілмеген. Қоймада арнайы жанармай құю құрылғылары болмағандықтан, әскери қызметкер жанармайды қолмен құюға мәжбүр болған.
Айыпталушы сотта өз кінәсін мойындап, жауапкершіліктен қашпайтынын айтты. Ал қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының әскери қызметті армандағанын жеткізді.